ҚР Ішкі Істер Министрінің нұсқауына сәйкес, облыс көлемінде «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Аталған шара Бәйтерек ауданында да қолға алынды. Бұл профилактикалық шара басталған күні ауданның полицейлері сапқа тұрғызылып, оларға іс-шараның мақсаты мен тапсырмалары түсіндірілді.
Биыл аталмыш шараға ішкі істер органдарының барлық қызметтері және аудан волонтерлары да тартылған.
- Ауданда жағдайды тұрақтандыру, әр әкімшілік учаскелерде құқық бұзушылық профилактикасы бойынша жұмысты жандандыру, халық арасында учаскелік полиция инспекторларының және жалпы ішкі істер органдарының оң имиджін қалыптастырып, беделін арттыру, азаматтармен тығыз сенімді қарым-қатынас орнату мақсатында қыркүйектің жетісі мен бірінші желтоқсан аралығында «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілетін болады. Осыған орай, ішкі істер бөлімі басшысының арнайы бұйрығымен жедел-профилактикалық іс-шараны өткізу жоспары әзірленіп, бекітілді. Соған сәйкес ауданда жедел алдын алу шарасы қолға алынды,-дейді аудандық ішкі істер бөлімі бастығының бірінші орынбасары Манарбек Нәжиев.
Бірнеше айға созылатын шара барысында полицейлер өздеріне бекітілген әкімшілік аумақ көлеміндегі пәтерлер мен үйлерді тексеріп, тұрғындар туралы ақпарат жинақтайтын болады. Сондай-ақ бұрын істі болғандар, жүйке жүйесінің ауытқуымен тіркеуде тұрғандар, пәтер жалдаушылар мен пәтерін жалға берушілер, түрлі қару-жарақ сақтаушылар тексеріліп, барлығының құжаттары талапқа сай болуы қаралады. Әкімшілік құқық бұзушылық жасағандарды заңды тұрғыда жазалау көзделген.
Орайы келгенде аудан тұрғындарынан жедел алдын алу шарасының өз деңгейінде өтуіне түсіністікпен қарап, инспекторлардың сауалдарына дұрыс жауап берулерін сұраймыз. Сондай-ақ, өздеріңіз тұратын аймақтардан әлдебір келеңсіз оқиғаларды, сезікті жағдайларды байқасаңыз, қоғамдық тәртіптің бұзылуына куә болсаңыз, учаскелік инспекторға хабарласыңыз.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы