5.01.2021, 15:29
Оқылды: 74

Бәйтеректе ұлы композиторға арналған онлайн сағат өтті

Жуырда Бәйтерек ауданы Дариян ауылындағы саз мектебінің домбыра сыныбының мұғалімі Ақмарал Қуатова Қазақстанның Халық әртісі, көрнекті  композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің 95 жылдық мерейтойына арналған онлайн әңгіме сағатын ұйымдастырды.

 Гүлжан Аязбай фото2 (1)

Шара барысында Нұрғиса Атабайұлының дүниежүзілік классикалық мәдениетке қосқан үлесі, қазақтың мемлекеттік опера және балет театры, «Қазақфильм» киностудиясы музыкалық редакциясы жайында сөз қозғалып, «Отырар сазы» фольлорлық-этнографиялық ансамбліне жетекшілік еткен жылдардағы еңбек жолы мен шоқтығы биіктей түскен сайыпқырандарымыздың асыл бейнесін сомдаған туындылары жайында әңгіме өрбіді.

Нұрғисадай алыптың қазақ қоғамы мен адамзат мәдениетіне қосқан үлесі ерекше. Оның «Менің Қазақстаным» кантатасының, «Алтын таулар» операсының, оркестрге арналған «Ата толғауы», «Ақсақ құлан», «Махамбет», «Көш керуен» поэмалары, «Халық қуанышы», «Қайрат», «Жеңіс салтанаты» атты увертюраларының, 400-ден астам ән-романстарының, 50-ден астам драмалық спектакльге, 19 көркем фильмге, 17 мультфильмге, 14 деректі хроникалық фильмге музыка жазып, қазақ өнеріне ерекше леп әкелгені де лайв сағат барысында сөз болды.

Өзгеге ұқсамайтын сара жолы, тармақты күйлерді дамытуға зор үлес қосқан Нұрғиса Тілендиевтің көркем туындылары даламыздың құты мен сұлулығын сөзсіз көз алдыңа әкеледі. Қара домбырасының шанағынан шыққан күйлері құлақ құрышын қандырып, жүрегіңді елжіретеді.

Әңгіме барысында Әлішер Мақсат, Мереке Аширова, Ақдидар Қамбар, Инабат Бекқали, Регина Ғабдолла сияқты домбыра сыныбының оқушылары композитордың «Құстар» әнін әуелете орындап, көрермен ықыласына бөленді.

Кездесу соңында көрермендер дәстүрлі өнерімізді,мәдени  құндылықтарымызды жас ұрпақ бойына дарыту үшін осындай көрікті де мағыналы шаралар көбірек өту керек деген пікірлерін білдірді.

 

    Гүлжан Аязбаева,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале