12.04.2026, 17:30
Оқылды: 4

Бәйтеректе жаңа форматта «Жайдарман» ойыны өтті

Бәйтеректік жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған «Жайдарман» ойыны биыл ерекше басталды. Аудан орталығында өткен бұл іс-шара «Әділетті Қазақстан – жауапкершілік пен инновация» атауымен өтті.

image-12-04-26-04-29
Аудандық білім беру бөлімі мен жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған әзіл-сықақ ойыны жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуды, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды, сондай-ақ қоғамдағы өзекті мәселелерге әзіл арқылы назар аударуды және құқықтық мәдениетті қалыптастыруды мақсат тұтты.

image-12-04-26-04-29-1
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы ойын мемлекеттік идеологияның басым бағыттарына негізделді. Атап айтқанда, қатысушылар өз өнерлерінде «заң және тәртіп» қағидаттарын, волонтерлік қызметтің маңыздылығын (БҰҰ-мен белгіленген Халықаралық волонтерлер жылы аясында), сондай-ақ заманауи үрдіс – жасанды интеллект тақырыптарын кеңінен қамтыды. Командалар бұл бағыттарды тек әзіл түрінде ғана емес, мазмұнды, тәрбиелік мәні терең қойылымдар арқылы жеткізіп, көрерменге ой салуға тырысты.

image-12-04-26-04-29-2
Сахнаға Достық, Жалын, Макаров, Мичурин, Асан, Январцев , Макаров, Егіндібұлақ, Камен, Үлкен Шаған мектептерінің командары шықты. Жас педагогтармен бірге оқушылардың да өнер көрсетуі іс-шараның мазмұнын байыттты. Бұл өз кезегінде тәжірибе мен жасампаздықтың үйлесім табуына мүмкіндік беріп, «Жайдарман» ойындарының ауқымын кеңейте түсті. Қатысушылар тапқыр әзіл айтумен, сахналық мәдениетті ұстанумен, актерлік қырларымен ерекшеленіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ойын қорытындысында қазылар алқасының шешімімен Достық ЖОББМ командасы үздік деп танылды. Егіндібұлақтықтар ІІ орын алса, Асан МББК-ның өкілдері үштікті түйіндеді. Айта кетейік, бұл командалар “Жайдарман” ойындарының облыстық кезеңінде аудан намысын қорғайтын болады.

image-12-04-26-04-29-4
– «Жайдарман – жастардың шығармашылық қабілетін дамытатын, олардың ой-өрісін кеңейтетін ерекше алаң. Бүгінгі сайысқа қатысқан командалардың өнері, әзілдері мен көтерген тақырыптары олардың қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамайтынын көрсетті. Әсіресе, заң мен тәртіп, волонтерлік және жасанды интеллект сияқты маңызды бағыттардың қамтылуы – жастардың заман талабына сай ойлайтынын аңғартады. Сонымен қатар, бұл жобада жас ұстаздардың да белсенді қатысуы – білім мен тәрбиенің сабақтастығын көрсететін жақсы үрдіс. Алдағы уақытта мұндай игі бастамалар өз жалғасын табады деп сенемін. Жастарымыз әрқашан қолдауға лайық, – деді кеш соңында сөз алған аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айнагүл Баянова.

image-12-04-26-04-29-8

image-12-04-26-04-29-7

Гүлім Мақсотқызы
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале