26.11.2024, 9:00
Оқылды: 14

Бәйтеректе жыл басталғалы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі аясында 34 азамат жұмысқа орналасты

Биыл Бәйтерек аудандық мансап және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтардың ұйымдастыруымен және аудандық прокуратура, полиция бөлімінің, БҚО бойынша ҚАЖД-нің №1, №2 Бәйтерек аудандық пробация қызметінің және жеке сот орындаушылардың қатысуымен  төрт рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесімен қатар «ашық есік» күндері ұйымдастырылды.

fa9ec83a-3c45-4313-8681-2abdd7453b37

Басты мақсат – қылмыстық жазасын өтеп келген азаматтар мен пробация қызметінің есебінде тұрғандарды, алимент бойынша борышкерлерді жұмысқа орналастыру.

Әр түрлі жағдайлармен қателікке жол беріп, қылмыстық жауапкершілікке тартылған адам психологиялық дағдарысқа ұшырайтыны белгілі. Осы кезде оларды қоғамнан шеттетпей, барынша қоғамға қайта бейімдеп, оң мінез-құлқын қалыптастырып, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсететін құрылымның бірі — пробация қызметі.

Яғни, пробация қызметі қылмыстық жазалардың қоғамнан оқшауламай орындалуын қамтамасыз етуімен қатар, сотталғандардың әлеуметтік- құқықтық көмек алуына жәрдем көрсетеді.

Әлеуметтік-құқықтық көмектің  бірі – есепте тұрған сотталғандарды жұмысқа орналастыру. Аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету, әлеуметтік бейімделуі мен оңалуын ұйымдастырып, жұмыспен қамту үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесін және «ашық есік» күндерін тоқсан сайын өткізіп тұрады. Нәтижесінде есептегі жұмыссыз азаматтар екі қолға бір күрек тауып жұмысқа орналсуда.

– Жыл басынан бері бос жұмыс орындары жәрмеңкесі аясында 34 азамат жұмыс тапты. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орынына – 1, тұрақты жұмысқа – 17, ақылы қоғамдық жұмысқа – 7 адам тұрды,  «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 5 адам сертификат алып, 1 отбасы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке қолжеткізді. Аудандық мансап орталығы 2024 жылға белгіленген квотаны толығымен орындады. Аталған санаттаға жандар толығымен жұмысқа орналастырылды. Жоғарыда аталған іс-шаралардың мақсаты аудан аумағындағы жұмыс берушілермен кездестіріп, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, тұрақты жұмысқа орналастыру, қоғамдық ортаға бейімдеу және қайта қылмыс жасамауды қамтамасыз ету.  Осындай шаралар алдағы уақыттада жалғасын табатын болады, - дейді аудандық мансап орталығының консультанты Бәтима Иманғалиева.

Салтанат Зұлқарнаева

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале