Өрт сөндіруші мен құтқарушының басты міндеті – адам өмірін құтқару болып табылатын жоғары әрі өте жауапты миссия. Қызметтік міндеттерін атқару барысында азаматтық қорғау құрылымдарының қызметкерлері өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлармен бетпе-бет келеді. Құтқарушы болу дегеніміз – міндетке адал болу, ерлік, батылдық, ішкі тәртіп, ең қиын жағдайда тез шешім қабылдап, сауатты әрекет ету сияқты қасиеттерге ие болу.
Құтқарушылар күніне орай Бәйтерек ауданы орталығында өткен салтанатты іс-шарада осы бағыттағы құттықтау сөздер көп айтылды. Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев сала ардагердерін, өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады.
- Берген антқа сіздердің адал екендеріңізге бәріміздің сеніміміз кәсіл. Осы саланы таңдап, саналы өмірімізді оған арнап, бұл қиын жолда қызмет етудің өзі жүректің батылдығын білдіреді. Қауіп-қатерге толы, зор жауапкершілікті талап ететін жұмыстарыңызға тек сәттілік, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілейміз. Мемлекет пен қоғам сіздердің қажырлы еңбектеріңізді жоғары бағалайды,-деді Ерлан Ерсайынұлы №24 өрт сөндіру бекетінде ұзақ жыл қызмет атқарып келе жатқан Сергей Наконечныйды зейнет жасымен құттықтап, естелік сыйлық сыйлады.
Іс-шарада жыл басынан бері еселі еңбегімен көзге түскен құттықтарушылар марапатталды. Мәселен, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау майоры Николай Сламихин, №24 өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Тимур Хайдаров, аталмыш бекеттің өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау кіші сержанты Нұршат Жұмағалиев, №22 ӨСБ-нің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау капитаны Бақытжан Есенғазиев пен аға өрт сөндіруші, азаматтық қорғау сержанты Дәурен Абдрахмановқа аудан әкімінің алғысхаты табысталды. Сондай-ақ бұл бағытта еселі еңбегі бар аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің мамандары мен бірнеше ауылдық округ әкімдеріне құрмет көрсетілді.
Өз кезегінде аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Олжас Абдархман мен «AMANAT» партиясының аудандық филиалының жетекшісі Бибігүл Ахметжанова да бейбіт күннің батырларына жүрекжарды тілегін айтты, алғысқа лайық бөлім, мекеме қызметкерлерін, округ әкімдерін марапаттады.
Кейін кезек әсерлі бейнеролик пен патриоттық әндерге берілді. Құтқарушылар арасында өнерге жақын жандар бар. Мәселен, №24 өрт сөндіру бекетінің өрт сөндірушісі Нұршат Жұмағалиев – сондай жан. Кәсіби мереке орай ол гитарасын қолға алып, саханаға шығып «Алға, қазақ жігіттері» әнін әуелете шырқағанда риза болмаған адам жоқ.
Нұрсәуле Жәнібекқызы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz