8.02.2021, 23:40
Оқылды: 258

Бәйтеректік мектеп түлектері қайырымдылық жасады

Жуырда Бәйтерек ауданына қарасты Зеленов ауылындағы орта мектепті бітірген бір топ түлек туған ауылына қайырымдылық көмегін көрсетті. Олар ауылдық әкімдікпен ақылдасып, ауылдағы аз қамтылған, көпбалалы қос отбасыларға азық-түлік себетін жеткізіп берді.

 зел11

- Біз 2005 жылы ауылдағы қазақ сыныбын 12 түлек бітірген едік. Бүгінде әрқайсымыз түрлі мамандық алып, еліміздің әр түкпірінде еңбек етіп жүрміз. Бірақ туған ауылымызды әрдайым ұмытпаймыз. Өзара ақылдасып, карантин кезінде мұқтаждық көрген ауылдастарымызға көмектескіміз келді. Сөйтіп, бәріміз қаражат жинап, ортақ қор құрдық. Жиналған қаржыға күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік түрлерін сатып алдық, - дейді Орал қаласындағы «Ұлттық ұлан» 5517 əскери бөлімінің əскери қызметшісі Жеңіс Әжіғалиев.

зел33

Зеленов ауылында 700-дей үй, орта мектеп бар. Бұрын ауыл мектебі тек орыс тілінде білім берген. Тәуелсіздіктің арқасында білім ұясында қазақ сыныптары ашылып, 2003 жылы алғашқы түлектері үлкен өмірге жолдама алды.

Жеңіс Саматұлы бастаған сыныптастар – ауыл мектебінен түлеп ұшқан үшінші лек. Шағын сыныпта бас қосқан 12 ұл-қыз бір үйдің баласындай, әлі күнге тату-тәтті.

- Орал қаласында тұратын сыныптастарымыз жиналып, азық-түлікті бірге сатып алып, өз көлігімізбен ауылға апардық. Бізді қолдап, жанымызда жүрген, көмектескен ауылдық округ әкімі Ізғали Сапарғалиұлына, әкімдік қызметкері Галина Викторовна ханымға алғысымызды айтамыз.

Пандемия кезінде біздің халқымыздың ұйымшылдығы, бір-біріне жылы жүрекпен көмектесуі анық байқалды. Президенттің бастамасымен жарияланған Волонтерлер жылынан біз де қалыс қалмадық. Енді міне, жаңа жыл басталса да біз жақсы істі жалғастырғымыз келді. Бұл үлгі өзгелерге де жұғысты болса екен?! - дейді Жеңіс Саматұлы.

зел22

Қайырымдылық көмегіне ие болған ауылдастар болса мектеп түлектеріне дән риза. Балалар да, олардың ата-аналары да қиын күнде қол созған жерлестеріне алғысын жеткізді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале