13.04.2021, 13:22
Оқылды: 106

Бәйтеректік шаруалар былтыр 47 миллиардтан астам өнім өндірген

«Adal komek» жобасының кезекті эфирінде болған Бәйтерек аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Лауаз Уәлиев былтыр атқарылған және 2021 жылы жасалатын жұмыстар туралы мәлімет берді.

B62B1CB1-C260-4928-A796-A707C58C078F

Өткен жылы аудан шаруалары 47,6 млрд. теңгенің өнімін өндірген, ал егістік алқабы  231,2 мың гектарды құрапты. 134,5 гектарға егілген дәнді дақылдан 193,7 мың тонна бидай өндірілсе, 56 гектарға егілген майлы дақылдан 28,6 мың тонна өнім алынды. Бұдан бөлек 1700 гектар жерге салынған картоп 27,4 мың тонна өнім берген. Көкөніс егушілер 20,7 тонна өнімді 1300 гектардан алса, 550 гектарды құраған бау-бақшадан 8,8 мың тонна өнім шығыпты. Былтыр мал азығын дайындаған шаруалар 220 мың гектар жердің 193 гектарын шауып, 112 мың тонна шөп дайындаған. Соның арқасында қыстақтағы мал шөптен тарлық көрмей, ұзын сарыға жеткен. Тағы бір айта кететін жайт, соңғы жылы ірі қара мал басы саны өскен. Ресей Федерациясында құс тұмауының өршуіне байланысты кей шаруа құс санын азайтуға мәжбүр болған. Кейін жетпей қалған құстың орнын толтыруға пандемиялық шектеулер де кедергі болыпты.

Лауаз Жеңісұлының сөзіне сенсек, биыл ірі қара саны 41793 жеткен. Оның ішінде сиыр 19927 басты құрапты. Жылқы саны – 6821, түйе – 10, қой мен ешкі 58370 басты құраған. Жыл өткен сайын шошқа саны азайып, биыл оның басы 11168 жеткен. Ал құс саны 692406 болып отыр екен. Былтыр шаруалар 19,2 мың тонна ет, 39,2 мың тонна сүт, 69,7 млн. дана жұмыртқа өндіріпті.

 -2016-2020 жылдар аралығында ауданда 19 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі тіркелді. Қазіргі таңда 10 АШӨК өз қызметін уақытша тоқтатқан. Ал 9-ы жұмысын жалғастыруда. Кооперативтердің 2-еуі өсімдік бағытында жұмыстанып жатқан болса, 7-еуі мал шаруашылығы бағытында қызмет жасайды. Ауыл шаруашылығы өңдірістік кооперативтерінің уақытша тоқтатылуының негізгі себебі бұрын халықтан жинап алып бордақылаған бұқашықтарға әр басына 20 000 теңге субсидияның берілмей қалуы болып отыр,- деді Л.Уәлиев.

 Былтыр ауданда мал шаруашылығы саласын субсидиялауға 207,5 млн. теңге төленген болса, өсімдік шаруашылығы саласына 274,7 млн. теңге демеуқаржы беріліпті. Оның 47,1 млн. теңгесі гербицидтерге, 119,6 миллион теңге тыңайтқыштарға бөлінсе, тұқым шаруашылығына 108 млн. теңге қарастырылыпты. Сонымен қатар 570 млн. теңге инвест субсидия төленгенін де ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы өз сөзінде атап өтті. Бұл қаражатқа аудан шаруалары сатып алған 66 техниканың құны субсидияланған.

2020 жылы ауданда 2799 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Оның 2381-і белсенді екен. Жалпы кәсіпкерлік саласында жұмыс жасайтындардың саны 6742 адамды құрапты, бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 7,3%-ке өскенін көрсетеді.

-Ауданда белсенді жұмыстанатын 29 шағын цехта 309 адам қызмет жасайды. Өндірілген өнім көлемінің жалпы соммасы 746 млн. теңгені құрады. 2020 жылы аудан бойынша 1031 жаңа жұмыс орны құрылды. 2020 жылы ауданда 8 млрд. теңгеге жуық қаражатқа шағын және орта бизнестің 18 нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде: «Sinooil» жанармай құю станциясы, «Жәрдем» шаруа қожалығының мейрамханасы, «Әсем Ай» мейрамханасы, «М-32» жол бойындағы сервис көрсету орталығы. Бұдан бөлек тағы да біраз нысандар бар,- деді Лауаз Жеңісұлы.

 Бөлім басшысы былтыр ауданда 58,7 мың га күздік дақылдар егілгенін де өз баяндамасында айтып өтті. Оның 55,3 мың гектары күздік бидай болса, қалған 3,4 мың гектары қара бидай болып отыр. Көктемгі егіс жұмыстарына аудан бойынша 194 шаруа қожалығы дәнді және майлы тұқымдар, 63 қожалық көкөніс-картоп дақылдарын егуге қатысады деп күтілуде екен.

-Биыл аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының болжамды егістік алқабы 232,61 мың гектарды құрайды деген болжам бар. Оның 121 мың гектары дәнді дақылдарға арналған алқап болмақ. 58,73 мың гектар – күздік дақылдар алқабына, 62,3 мың гектар – жаздық дәнді дақылдарға, 67,44 мың га жерді майлы дақылдар құраса, 40,89 мың га мал азығы дақылдары болмақ. Бұдан бөлек, 1,6 мың гектарға картоп, 1,2 мың га жерге көкөніс, 0,44 мың га бақша болады деген болжам бар,-деді Л.Уәлиев.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы 2022 жылғы егіске күздік дақылдар егуге 55 000 га қалдырылғанын да атап өтті.                                                                                        

Тұқым дайындау ісі де оң шешілген. Аудан бойынша 2021 жылдың көктемгі егіске 6855 тонна дәнді дақылдар тұқымы дайындалған болса, майлы дақылдарды себуге арналған 633,1 тонна бар. Бірақ егуге 791,4 тонна қажет екен. Десе де, тұқым жетіспеуін оңды шешкен шаруалар алдын ала келісімшарт жасасып, Ресей мен Украинадан жетіспей тұрған тұқымды сатып алмақшы. Картоп егуге 5550 тонна тұқым қажет. Қазір оның 4722 тоннасы дайындалған. Қалғанын бақша егушілер Ресей, Белорусь сияқты елдерден сатып алмақшы. Бұл жерде де келісім бар. Жақын күндері катоп тұқымдары елге келеді екен.

Жалпы ауданда көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге арналған 1913 трактор бар. Тіпті шетелдік «Джон Дир», «Кейс», «Нью-Холланд» маркалы егіс кешендері де сақадай сай екен.

-Ауданға барлық көктемгі жұмыстарына арзандатылған бағамен 5200 тонна жанар-жағармай бөлінді. Оның 1330 тоннасы сәуір айына, мамыр айына – 3110 тонна, маусым айына 760 тонна қарастырылған. Өткен тендер бойынша «Батыс Арна» ЖШС-і оператор болып анықталды. Жанар-жағармайдың бір тоннасы 161 теңгеден болады,- деді Л.Уәлиев.

Биыл ауданда бірнеше инвестициялық жобаның құрылысы аяқталмақ. Соның бірі – Мичурин ауылдық округіндегі «World Green Company» ЖШС-нің жылыжайы. Құны 10,5 млрд. теңге болатын кешен жылына 4400 тонна қияр мен 3450 тонна қызанақ шығаруға қауқарлы. Құрылысты 2021 жылғы 2-тоқсанда аяқтау көзделген. Ол жерде 160 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланыпты. Кешен құрылысы аяқталғаннан соң қала мен облыс тұрғындары жыл бойы және үздіксіз көкөністермен қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ Рубежинское ауылындағы «134» ЖШС кірпіш зауыты да іске қосылмақ. Оның құны 1,2 млрд. теңге. Жылына 30 млн. керамикалық кірпіш шығарады деп күтілетін зауыт биылғы жылдың екінші тоқсанында аяқталмақшы. Ол жерде 30 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған. Бұдан бөлек, Мичурин ауылдық округінде «Транстелеком» ЖШС «Дата Центр» Орал технологиялық паркін ашпақшы екен. Бұл нысанға 6,4 млрд. теңге жұмсалған. Құрылыс 2021 жылдың 1-тоқсанында аяқталмақшы. 35 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Бұл жоба виртуалды деректерді сақтау және заңды, жеке тұлғалардың интернет платформаларын орналастыру және қызмет көрсетуді жүзеге асыратын болады.

 Қолға алынған басқа да инвестициялық жобаларға келер болсақ олар: «Bayston» ЖШС Январцев ауылдық округінде құны 2,5 млрд. теңге болатын 13000 тонна көкөніс сақтауға қауқарлы қойма салуда. Құрылыс 2022 жылы аяқталады. Ол жерде 25 тұрақты жұмыс орны құрылады. «Рубцов» шаруа қожалығы Рубежин ауылдық округіндегі қаптамадағы көкөніс дақылдарын қайта өңдеу кешенін салмақ. Оның  құны – 450 млн. теңге. Құрылыстың аяқталу мерзімі – 2021 жылдың 4-тоқсаны. Сондай-ақ Щапов ауылдық округінде «Жайық Агро» ЖШС-нің 1000 га суаруға арналған суару жүйесінің құрылысын салуда. Құны 850 млн. теңге болатын кешен де 2021 жылдың 4-тоқсанында аяқталмақ. Ал Трекин ауылдық округінде құны 3 млрд. теңге болатын монша-сауықтыру, мейрамхана және қонақ үй кешені мен демалыс және су ойын-сауық саябағының құрылысы жүріп жатыр. «БатысСтройМонтаж» ЖШС бастаған нысан құрылысын 2022 жылы аяқтау жоспарлануда,- деді Лауаз Жеңісұлы сөз соңында.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале