3.08.2020, 15:53
Оқылды: 114

Бәйтеректік спортшы сұқбат берді

Бәйтерек ауданы спортшылары соңғы кезде еліміздің көк байрағын халықаралық ареналарда желбіретіп жүргені қуантады. Әсіресе нәзік жанды атлеттеріміздің жетістіктері бір төбе.

25FB0A5B-F053-4451-9EB1-75A9CF9F46D8

Өткен жылы Италияда өткен аралас жекпе-жекте әлем чемпионатында күміс медаль еншілеген Карина Сисенованың аты ММА спортына қызыққан жанкүйерге жақсы таныс. Жуырда аудан мақтанышы саналатын нәзік жанды спортшымен тілдесудің сәті түсті.

-Карина өзің туралы айтып өтсең.

-Мен Бәйтерек ауданы Дариян ауылында тұрамын. 2018 жылдан бері ММА спортымен шұғылданамын. Бала күнімде күреспен айналыстым. Жетістіктерім де бар. Алғашқы бапкерлерім ағайынды Наурызбек және Фарид Сәпиевтер.

F13EB0E2-B982-4862-A42C-73847B6E2207

-Неліктен аралас жекпе-жекке ауыстың?

-ММА – бұл кез келген соққы түрін қолдануға рұқсат етілетін жекпе-жек түрі. Біздің бала шағымызда күрес пен бокстан гөрі осы аралас ММА, UFS сияқты спорт түрлері қарқынды дами бастады. Тони Фергусон, Хабиб Нурмугамедов, Конор Макгрегор сынды спортшылардың өнеріне қызыға қарайтын едік. Бір күні біздің Орал қаласында да аралас жекпе-жек клубы бар екенін біліп, спорттың осы түріне түбегейлі бет бұрдым.

-Оралда аралас жекпе-жек қандай деңгейде?

-Біздің «MUHARIB TOP TEAM» аталатын клубымызда Қазақстан, Азия чемпиондары, сонымен қоса әлем чемпионаттарының жүлдегерлері жаттығады. Солардың бірі, менің қатарласым, үлгі тұтар спортшым Нұржамал Садықова. Ол – Азия чемпионы және әлем чемпионатының қола жүлдегері. Егер шағын ғана клубтан әлемдік деңгейдегі спортшылар шыққан болса, өңірімізде аралас жекпе-жек жақсы деңгейде деп ойлаймын.

10E0A265-4E76-4D9B-94AF-F0C1EF6F21C4

-Аралас жекпе-жектегі бапкерің кім? Дос-құрбыларың көп пе?

-Менің бапкерім «MUHARIB TOP TEAM» клубының негізін қалаушы Руслан Арыстанов. Әрқашан қолдауын көрсетіп жүреді. Ал құрбым жоғарыда аты аталған Нұржамал. Мен оған қарап бой түзеймін, күш-жігер аламын. Клубқа келген алғашқы күннен бастап екеуміз жақсы араласа бастадық. Қазір доспыз десем де болады.

-Жаттығулар қиын емес пе?

- Спортшы болған соң қандай болса да қиындыққа төзе білуің керек. Бапкерім жаттығу кезінде өте талапшыл болғанымен, жүрегі жұмсақ жан. Әрқашан қолдауын көрсетіп, қиын сәттерде жаныңнан табыла біледі. Бапкерім екеуміз ең биік шыңдарды бағындыра аламыз деп нық сеніммен айта аламын. Құдай қаласа еліміздің байрағын халықаралық үлкен ареналарда желбірететін боламыз.

-Әңгіме ауылын спорттан бұрсақ. Жаттығудан тыс кезде немен айналысасың?

- Бос уақытымды жақындарым мен достарыма арнағанды ұнатамын. Өйткені сабақ кезінде бар назарым оқу мен жаттығуда болады.

-Қоғамдық жұмыстарда белсендісің бе?

-Ия. Қазіргі таңда «Жасыл ел» жасағының сарбазымын.

-Соңыңнан ерген жас спортшыларға не тілер едің?

-Жас спортшыларға алға қойған мақсаттарына жетуді ғана тілеймін. Таңдаған жолдарынан не де болса таймай, салауатты өмір салтын ұстанса деймін.

-Ата-анаң жекпе-жекпен айналысқаныңа қарсы емес пе?

-Ата-анам мені қайда жүрсем де қолдап жүреді. Әжем Сисенова Назира және анам Сисенова Елик менің жетістіктерім үшін көп еңбек сіңірді.

-Карина Сисенова газет оқырмандарына қандай кітап оқуға кеңес берер еді?

- Оқырмандарға Ник Вуйчичтің "Будь сильным" және Хабиб Нурмагомедовтың "khabibtime"  кітаптарын оқуға кеңес берер едім.

-Сұқбатыңызға рахмет.

Сұқбаттасқан

Аружан Болатбекқызы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале