Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың республикалық "Аnа tіlі" газетіне берген сұхбатын оқығаннан кейін өз пікірімді білдіруді жөнді көрдім.
Айта кету керек, өзім Президентіміздің жастар мәселесіне айрықша тоқталғанына риза болдым. Реформаның бәрі жастардың игілігі үшін жасалып жатқанын, мемлекет стратегиясының түпкі мәні де осында екенін оқығанда ерекше сезімге бөленгенім рас.
Қасым-Жомарт Кемелұлы жастардың белсенді, тәртіпті, білімпаз, еңбекқор болғанын қалайтынын баяндады. Бүгінгі таңда бәйтеректік тәуелсіздік ұрпақтары да түрлі жетістікке жетуде. Мәселен, былтырдың өзінде 125 жас жерлесіміз спорт түрлерінен облыстық, аймақтық, республикалық, халықаралық жарыстарда жеңімпаз болса, 32 балғын өнерпаз да осындай биіктен көрінді. Ал 43 жас ғылыми жобалар байқауыларында, білім сайыстарында тең құрбыларының алды болды. Мемлекеттік қызметте де жастардың саны біртіндеп артып келеді. Бүгінде аудан көлемінде 30-ға жуық жас маман мемқызметте жақсы еңбек етуде. Өндірісте, ауыл шаруашылығы саласында да жұмыс істеп, елдің берекесін артыруға үлесін қосып жүргендер аз емес.
Президентіміз жастарға көмектесу мемлекеттің міндеті екенін баса айтты. Соған сәйкес ауданымызда да ауыз толтырып айтарлықтай іс-шаралар жүзеге асты. Мысалы былтыр жұмысқа орналасқан жастар саны 284-ке жетті, оның 69-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Жастарымыздың екі қолға бір күрек табуына өткен жылы ұйымдастырылған жастарға арналған төрт бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өз себептігін тигізді. Сондай-ақ @jaiyqjastary_baiterek әлеуметтік парақшасы арқылы жастарға «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен ауылға», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары, кәсіпкерлікпен айналысу және кәсіптік білім алу жөнінде берілген кеңестердің де пайдасы аз болған жоқ.
Мемлекеттік жастар саясаты аясында біздің орталықпен 2024 жыл ішінде 60-тан астам іс-шара ұйымдастырып, оған бір мыңнан астам жас жерлесіміз қатысты. «Ардагерлерді ардақтайық!» әлеуметтік акциясы аясында волонтерлар 20-ға жуық зейнеткер мен жалғыз басты отбасыларға көмек көрсетті. Терроризмге қарсы сана қалыптастыру, діни радикализм мен экстремизмнің алдын алу мақсатында 20 шақты кездесу ұйымдастырылды. «Жетістік жолы» жобасы аясында танымал жастармен онлайн сұхбаттар болып, «Жастарға кеңес» жобасы шеңберінде теологиялық, заңгерлік, денсаулық сақтау, тұрғын үй, жұмыспен қамту, білім беру, қаржылық сауаттылық, отбасылық құндылықтар және психологиялық мәселелер бойынша кеңестер берілді.
Аталмыш сұхбатта жастарға қатысты сұрақтарға жауап берген Мемлекет басшысы «Үкіметтің міндеті – жастарды өз Отанында табысты еңбек етуіне жағдай жасау» деп сөзін түйіндеді. Осы бағытта біз де өз тарапымыздан жұмыстанып, жастарымыздың табысты еңбек етуіне жағдай жасау, әлеуметтік жағдайын оңалту бағытындағы іс-шараларды биылғы жылғы жоспарымызға енгізетін боламыз.
Жанар Ғұбашева,
Бәйтерек аудандық жастар ресурстық
орталығының басшысы