Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Бәйтерек ауданы әкімдігінде салтанатты іс-шара өтті.
Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев қазіргі қоғамдағы БАҚ-тың рөлі мен маңызына тоқталды.
- Ауданымыздағы бірден-бір ақпарат құралы болып табылатын «Ауыл тынысы» газетінің редакциясы өздерінің міндет-миссиясын ойдағыдай атқарып келе жатыр. Сөйтіп мемлекеттік саясаттың аудан көлемінде жүргізілуіне сүбелі үлестерін қосуда. Қарапайым халықтың тірлігін, мұң-мұқтажын да жазып, арамызда жүрген педагог, дәрігер, полиция, мәдениет қызметкері, спортшы және өзге де кәсіп иелері туралы да қалам тербеп, олардың жетістіктерін, мамандығына деген адалдығын, адамгершілігін көрсетуде талмай еңбектенуде. Кешегі көктемгі су тасқыны кезінде де тілшілер қауымы тілсіз жаудың бетін алдын алу, онымен күресу, зардап шегушілерге мемлекет тарапынан жасалған көмектер туралы түрлі мақала-материалдар дайындады. Бұл бағытта редакция қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін, жеделділігін, уақытпен санаспай еңбек еткендерін де атап өткен орынды. Сол үшін де аудан басшылығы, соның ішінде іспасарда болуына байланысты осынау іс-шара қатыса алмай отырған аудан әкімінің атынан ризашылығымызды білдереміз,-деді Ерлан Ерсайынұлы.
Салтанатты шарада аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлыбек Хайруллин, "Amanat" партиясы аудандық филиалының басшысы Бибігүл Ахметжанова, аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Төребек Маратов, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр, ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғали Жолдасқалиев, төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау майоры Николай Сламихин, жастар ресурстық орталығының маманы Гүлжайна Тынышбаева ізгі тілектерін арнады.
Айта кету керек, осынау кәсіби мерекеге орай редакцияға аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Радик Ихласов бастаған комиссия мүшелері, аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі басшысының құттықтауын алып сектор меңгерушісі Гүлжиян Жангузина арнайы келіп, ізгі лебіздерін білдіріп кетті.
Салтанат Зұлқарнаева,
Бәйтерек ауданы