Қазір кез келген жиын-той, қуаныш тәттісіз өтпейді. Мерекелеріміздің сәніне айналған тәттілер мен торттар дастарханымыздың төрінен үнемі орын табады. Бір кездері аналарымыз тәттілерді өз қолымен пісірсе, қазір бұл істі кәсіби шеберлерге тапсырады. Оның үстіне дүкен сөрелерінде де тіскебасарлар толып тұр. Осы күні қонақ дастарханының сәнін келтірер сан түрлі тәттілерді дайындап көпшілікке қуаныш сыйлау қолынан іс келетін жандардың кәсібіне айналды. Соңғы уақытта қыз-келіншектер арасында "Вупипай", "Красный бархат", "Молочная девочка" аталатын торттарды пісіру сәнге айналды. Осы кәсіпті қолға алмақ жандарға түрлі шеберлік сағаттарын өткізетін шеберлер де бар. Бұл іс карантин кезінде де тоқтаған жоқ. Өйткені сұранысқа ие істі үйренем дегендер онлайн курстар арқылы да тәтті дайындауды меңгере алады.
Торт пісіру кәсібі Бәйтерек ауданында да жақсы жолға қойылған. Осы күні тұрғындар кондитер іздеп әлек болмайды. Өйткені аудан орталығы Переметныйда тұратын Ұлбану Миратқызы сұранысқа ие тәттілер пісіріп, көпшілікті қуантып жүр. Үйде отырып-ақ кәсібін дөңелеткен бойжеткен Орал қаласындағы инновациялық-технологиялық университетінің 1-курс студенті.
Мектеп жасынан тортқа тапсырыс қабылдап жүрген Ұлбану, өз ісін сүйетіндігін, тәттілерін ерекше ынтамен, махаббатпен жасайтындығын айтады
– Қыз бала болған соң ас үйге кішкентай кезімнен араласатынмын. Анамның қасында көмектесе жүріп, түрлі тағам пісіруді үйрендім. Өсе келе көңілім тәттілерді дайындауға құмартты. Алғашында кішігірім пирогтар пісіріп көрдім. Шын көңілмен тырысқанымнан болса керек, пісіргенім отбасы мүшелерінің көңілдерінен шықты. Ата-анам мен бауырларымның оң бағасы ерекше мотивация берді. Содан өз білімімді жетілдіріп, интернеттен түрлі рецепттерді қарай бастадым. Күн сайын тәтті торттар пісіруге деген шабытым ояна бастады, – дейді Ұлбану.
Өздігінен торттар пісіре беру ойлағандай нәтиже бермейтінін түсінген бойжеткен шеберлігін одан әрі шыңдай түсу мақсатында Аяжан есімді шеберден тәтті пісірудің қыр-сырын үйреніп, курсты аяқтағаны жайында сертификат алады. Қазір тәттілері тіл үйіретін арудың кәсіп ашқанына бір жыл.
Осы жыл ішінде көп тәжірибе жинаған ол кейде тапсырыстың өте көп түсетіндіктен жалғыз өзі үлгере алмай қалады. Торттың кез келген түрін дайындайтын жас кондитер, тәттілерінің тұтынушылар талаптарына сай келіп, ұнап жататындығын көргенде ерекше қуанатынын айтады.
– Бұл – менің кәсібіме айналған хоббиім. Қазір тұтынушыларым көп, олар әдетте алғыстары мен ақ баталарын жаудырып жатады. Тұтынушыларымның тапсырыстарын орындап, олардың қуанышқа толы жүзін көргенде ісіңнің бекер емесін түсінесің. Адамға қуаныш сыйлаған қатты ұнайды. Болашақта кәсібімді кеңейтіп, жұмыс жасасам деймін. Ол арманыма жету үшін аянбай еңбек ететін боламын. Бұйырса, кәсібімнің кеңейгеніне ауылымның тұрғындары да куә болады, – дейді Ұлбану.
Көріп тұрғаныңыздай, кез келген істі кәсіпке айналдыруға болады. Ол үшін ерінбей еңбек ету ғана керек.
Аружан Аманжол,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz