Бәйтерек ауданына қарасты Зеленый ауылында футбол әліппесін ашқан Бекзат Иманғазиев – Шымкент қаласындағы «Академия Оңтүстік» командасының негізгі ойыншысы. Ол 17 жасқа дейінгі футболшылар арасында Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алып қана қоймай, бірнеше матч өткізіп те үлгерді. Бүгінде маусым алдындағы демалысын пайдаланып, жас футболшымен сұхбаттасудың сәті түсті.
Бекзат, футбол өнеріне келу жолың? Алғашқы бапкерің кім?
Бекзат: Футболға сегіз жасымда келдім. Алғашқы бапкерім Харкин Владимир Яковлевич. Бірнеше жыл туған ауылым Зеленыйда доп тептім. Кейін 2013 жылы «Ақжайық» футбол клубы сапына ауыстым. «Ақжайықта» білікті бапкер Руслан Чукуровта жаттықтым.
«Академия Оңтүстік» командасына кезігу жолың?
Бекзат: «Ақжайық» сапында жүргенімде Шымкент қаласында ойын өткіздік. Қарсыласымыз «Академия Оңтүстік» командасы болды. Ол кезде шымкенттік команданың бапкерлері испандық мамандар болатын. Ойын біткен бойда «Академия Оңтүстіктің» бапкерлері келіп, ұсыныс тастады. Команданың базасын, жаттығу жасайтын орындарын көрдім. Ұнады. Әрине, бірден ауысатын мүмкіндік болмады. Өйткені «Ақжайық» командасымен келісім-шартқа отырып қойғанмын. Бірақ бірнеше ай ішінде мәселе оң шешілді.
Не себепті таңдау «Академия Оңтүстік» командасына түсті?
Бекзат: Өйткені «Академия Оңтүстікте» футболшы ретінде өсуге барлық мүмкіндік бар. Тамаша база, табиғи алаңдар, жатын орындары да қарастырылған. Тек жаттығуыңды жасап тұрсаң болғаны.
«Ауыл тынысы»: Келер маусымда қай командада өнер көрсетесің?
Бекзат: Алдағы маусымды өзімнің «Академия Оңтүстігімде» өткіземін.
Үнемі туған жерден, ата-анаңнан жырақта жүресің...
Бекзат: Бас кезінде өте қиын болды. Үйді қатты сағынатын едім. Кейін үйреніп кеттім. Командадағылармен достастым. Футболшы болғысы келген адам бір нәрседен бас тартуы керек. Өйткені, спорт әлсіздікті көтермейді. Сондықтан барлық ауыртпашылықтар мен қиындықтарға төзіп келемін.
Ата-анаңның көзқарасы?
Бекзат: Менің бар қуанышым, жеңілісім мен жеңісімді де ата-анамның көз алдында. Сол себіпті үй ішім мені қашан да қолдайды. Қуансам, бірге қуанады. Қажет кезде ақыл-кеңестерін де береді.
Өткен маусым сен үшін сәтті болды деуге бола ма?
Бекзат: Былтырғы маусым мен үшін сәтті болды деуге толық негіз бар. Неге десеңіз, алғаш рет ел біріншілігінің Бірінші Лигасында өнер көрсеттім. Менің жасымдағы футболшы үшін үлкен жетістік. Файзулла Бисенұлы сияқты бапкерде жаттығуға мүмкіндік алдым. Бапкер көп нәрсе үйретті. Былтыр біріншілікте 26 ойын өткен болса, соның 25-іне қатыстым, бұл өте тамаша көрсеткіш.
Естен кетпес маңызды да қызықты оқиғаға толы матч?
Бекзат: 2017 жылы 17 жасқа дейінгі Қазақстан Ұлттық құрамасының сапында Еуропа чемпионатына іріктеу матчын өткіздік. Қарсыласымыз Франция жастары болды. Бұл менің құрама сапындағы алғашқы ресми матчым еді. Ол мен сияқты шағын ғана ауылдан шыққан бала үшін ұмытылмас кезең. Халық толы стадион. Үстімде ұлттық құрама жейдесі. Бұл кезең әр футболшы үшін ұмытылмас шақ болар?!..
Сондай-ақ атақты «Камп Ноу» стадионына барған күн есімнен кетпейді. Ол кезде Испанияда оқу-жаттығу жиынын өткізген едік. Бапкерлеріміз бір күн демалыс беріп, бізді «Камп Ноуға» апарды. Алып стадионды көру әр жанкүйерге арман. Қысқаша айтар болсам, футболшы мансабымдағы осы екі оқиға есімнен кетпейді. Мүмкін бір күні өзім де «Камп Ноуда» өнер көрсетермін. (Күліп...)
Туған өлкеңдегі жас аяқдопшыларға айтар ақыл кеңесің?
Бекзат: Ауданда футболға қызығатын балалардың бары қуантады. Оларға қашан да өз мақсаттарына жету үшін аянбай еңбек ету керек екендігін және мүмкін емес еш нәрсе болмайтындығын айтқым келеді. Қандай жағдай болса да жақсы нәрсе ойлап, адамгершіліктен таймау маңызды.
Біздің анықтама
Аты-жөні: Иманғазиев Бекзат
Туған жері: БҚО Бәйтерек ауданы Зеленый ауылы
Туған күні: 18.04.2001 жыл
Мамандығы: Футболшы
Командасы: «Академия Оңтүстік»
Алаңдағы орны: Жартылай қорғаушы
сұхбаттасқан Түгелбай Бисен
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер