Бәйтерек ауданында Қ.Қайсенов атындағы мектептің жанынан құрылған «Жас журналист» жобасының мүшелері аудан әкімі Марат Тоқжановпен кездесіп, сұхбаттасты. Шәкірттерге сұхбат берген аудан басшысы да өз өміріндегі ерекше кездесу жөнінде айтып берді.
Марат Лұқпанұлының сөзіне қарағанда, ерекше кездесудің бірі ҚР Халық қаһарманы, жазушы, А.Фадеев атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты Қасым Қайсеновпен болған. Осыдан жиырма жыл бұрын Алматы қаласында өткен кездесу әкімнің әлі күнге дейін көз алдында.
Халқымыздың даңқты батырының майдан даласындағы жорығы, жасаған ерлігі туралы айтылған әңгімеден оқушылар сұрапыл жылдар жаңғырығын сезінгендей болды.
Еркін сұхбат форматында болған кездесу барысында оқушылар аудан басшысына түрлі сұрақтар қойып, кездесудің шырайын аша түсті.
Марат Лұқпанұлының адамдық парыз, ар-намыс туралы ой-пікірлері жастардың ой-өрісін қанаттандырды. Аталмыш мектептің директоры Гүлмира Меңдібайқызының айтуынша, оқушылар бұл кездесуден үлкен әсермен оралған.
– Қызмет кестесінің тығыздылығына қарамастан оқушылармен сұхбаттасуға үш сағат уақытын бөлген аудан әкіміне мектеп ұжымы атынан ризашылығымызды білдіреміз, - дейді Гүлмира Меңдібайқызы.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы