28.04.2025, 15:30
Оқылды: 356

Бәйтеректік жастар экологиялық фестивальге қатысты  

 

Таяуда Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалі өткені белгілі. Соған арнайы қатысқан аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Жанар Ғұбашева жиналғандарды бәйтеректіктік жастардың табиғатты аялауға бағытталған бастамаларымен таныстырды.

IMG-20250428-WA0001

Бұл маңызды іс-шараға әр өңірден ерекше әрі үлгілі жұмыстарымен көзге түскен аудандық жастар ресурстық орталықтарының басшылары арнайы таңдалып алынған болатын. Жанар Асылбекқызы аудан көлемінде өткізілген сенбіліктер, әлеуметтік қолдау акциялары мен экологиялық шаралар нәтижесінде үздік көрсеткіштерге қол жеткізді. Сөйтіп республикалық фестивальге шақырту алды.

Айта кетейік, биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша аудандық жастар ресурстық орталықтары арасында ұйымдастырылған облыстық рейтинг нәтижесінде бәйтеректер топжарды. Оған ауданда өткізілген түрлі іс-шаралар, кездесулер, сенбіліктер мен әлеуметтік акциялар жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны, жастардың белсенділігі мен жауапкершілігі өз септігін тигізсе керек. Деректерді сөйлетсек «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында ауданымызда 203 жасты қамтыған, 72 қарияға үй жағдайында көмек көрсетуге бағытталған 42 ауқымды акция ұйымдастырды.

– Экологиялық фестивальде сөйлеген Президентіміздің «Тазалық – мән-мағынасы өте терең, киелі ұғым. Таза болу дегеніміз – ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау деген сөз. Бұл – ішкі мәдениеттің көрсеткіші» деген сөзінен үлкен әсер алдым. Иә, ауылдың, көшелер мен саябақтардың, қоғамдық орындар мен қоршаған ортаның тазалығын сақтау жергілікті атқарушы құрылымның ғана жұмысы деп қарауға әсте болмайды. Орыс жазушысы Антон Чеховтың әйгілі сөзінде айтылғандай, жиі жиналатын жер емес, қоқыс тасталмайтын, былғанбайтын жер таза болады. Сөздің шыны керек, көбіміз сенбілікке қатысып, туған жердің тазалығына үлес қосқан жақсы адам болып көрінгіміз келеді. Бірақ, кейбіріміздің былай шыға бере қоқыс пен түрлі қалдықтарды кез келген жерге тастай салатын жаман әдетіміз бар.

IMG-20250428-WA0002

Негізінде тазалық – адамның рухани-мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткіші. Өркениетті ел боламыз, заман ағымына ілесіп, орнықты дамуға бет түзейміз десек, жеке гигиенамыз бен өз үйіміздің ғана емес, тұрып жатқан елді мекеніміздің, туған жеріміздің тазалығын сақтауға да дағдылануымыз керек. Жас ұрпаққа жақсы үлгі көрсетіп, оларды тазалыққа жаны құмар азамат етіп тәрбиелеуіміз шарт, - дейді Жанар Асылбекқызы.

 

Қуаныш Қали,

Бәйтерек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале