17.02.2021, 15:10
Оқылды: 40

Бәйтеректіктер атқарар шаруа орасан

Бәйтерек ауданында Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының іске асырылуын қорытындылаған жиын өтті.

бәй3

Аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаевтың төрағалығымен өткен кеңеске ауылдық округ әкімдері мен жауапты мекеме басшылары қатысты.
Алдымен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр сөз алып, ауданда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы және аталмыш бағдарлама бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндады.
Оның айтуынша, өткен жылы аудан кәсіпкерлері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауылдар мен елді мекендерге 226,7 миллион қаржы құйыпты. Әсіресе, ауыл мектептерінде оқитын балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысына кәсіп иелері айтарлықтай қолдау білдірген.

Нұржан Тоғызбайұлы бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар көп болғанымен, прагматизм, білімнің салтанат құруы және де басқа бағыттары бойынша атқарылған жұмыстардың аздығы алаңдататынын атап өтті.

Сондай-ақ ішкі саясат бөлімінің басшысы Семей полигонының жабылғанына 30 жыл, Желтоқсан көтерілісіне 35 жыл болатынын да айтып, биылғы бағдарлама аясында оздырылатын шараларда осы айтулы даталардың да көрініс табуы керек екенін жеткізді.
Одан соң Янайкин ауылдық округінің 2020 жылғы атқарылған жұмыстары тыңдалды.

Округ әкімі Ауған Әлмурзиннің айтуынша, өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жұмыстар ауылда ойдағыдай атқарылған. Жыл басында ауыл жастары мен еріктерлер облыс орталығындағы Қадыр Мырза Әли атындағы орталыққа барып, ақын рухына тағзым жасаған. Сондай-ақ түрлі мерекелер мен айтулы күндері ауылдастардың басын біріктіріп, қызықты шаралар ұйымдастырған. Янайкиндіктер карантин және төтенше жағдай кезінде де онлайн шаралар ұйымдастырып, көзге түсіпті.
- Ұлттық Домбыра күні мерекесі қарсаңында ауылдық клуб ғимараты алдына ұлт аспабы домбыраның мүсінін тұрғыздық. Кейіннен оның жанына қобыз аспабын орнаттық. Бұл істі тындыруға жергілікті кәсіпкерлер мен жерлес мүсіншінің көмегі көп болды. Болашақта ауыл ішінен саябақ салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар тайға міну, асау үйрету сияқты ұлттық дәстүрімізді де дәріптеуді қолға алатын боламыз. Жоспарлы жұмыстарды ел болып, бірлесе іске асырмақ ниеттеміз, - деді А.Әлмурзин.
Сондай-ақ «Туған жер» арнайы жобасы бойынша және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың биылғы жоспары талқыланды.
Ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр биыл кәсіпкерлер аудан аумағындағы үш бірдей тоғанды қалпына келтіру жұмысын қолға алғандығын және басқа көптеген жобаларға қолдау көрсетуге дайын екендігін атап өтті.

бәй2

Сондай-ақ барлық округ әкімдері өздері қызмет етіп отырған ауыл аумағындағы елді мекендер мен шағын ауылдарды дамытудың кешенді жоспарын құру керектігіне де тоқталды.
- Бағдарлама аясында өткен жылы ауданда біраз жұмыс атқарылғандығын көріп отырмыз. Тіпті пандемия өршіп тұрған шақтарда да жұмыс жалғасып жатты. Десе де біраз шаруа өз кезегін күтуде. Рухани жаңғыру дегеніміз – ауыл ішіне әдемі мүсін тұрғызып, еліне деген сезімін баннермен жеткізу емес. Бұның астында үлкен ой жатыр. Бағдарлама аясындағы жобаларды жоспарлау барысында еліміздің салт-дәстүрі, діні мен ділі де ескерілгені жөн. Елге пайдасы тиер идея қашан да қолдау табады. Былтыр ауданның құрметті азаматы Бейбт Асанов Погодаев ауылына спорт кешенін салып берді. Ал кәсіпкер Александр Матевосян 100 миллион ақшаны денсаулық сақтау саласына берді. Көшім, Махамбет, Дариян ауылдарында қолы ашық жігіттер бар. Болашақта Елбасы бағдарламасының ойдағыдай іске асуына жұдырықтай жұмыла атсалысуымыз керек, - деді жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Е.Бисақаев.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале