21.11.2022, 15:16
Оқылды: 108

Бәйтеректіктер белсенділікпен қатысты

Кеше ҚР Орталық сайлау комиссиясы Президент сайлауының алдын ала нәтижесін жариялағаны белгілі. Бұл саяси науқанға бәйтеректіктер де белсенді қатысты.

IMG-20221121-WA0018

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясынан алынған мәлімет бойынша аудандағы 39286 сайлаушының 80 пайызы дауыс берді. Сайлау күні ҚР Президенттігіне кандидаттардың 33 сенім білдірген өкілі, ЕҚЫҰ-ның (ОБСЕ)  4, саяси партиялардың 78, қоғамдық бірлестіктердің 118 байқаушы сайлауға бақылау жүргізді. Сайлау учаскелерінде болған 17 БАҚ өкілі ақпарат таратты.

IMG-20221121-WA0019

Сайлау қашанда бұқара халықтың ғана емес халықаралық қоғамдық ұйымдардың да назарында. Елімізге, соның ішінде өңірімізге келген Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ОБСЕ) байқаушылары аудандағы екі сайлау учаскесінде болды. Соның бірі - Мичурин жалпы орта білім беретін мектеп-балабақша кешенінде орналасқан №164 сайлау учаскесі. Сайлау комиссиясының төрайымы Алмагүл Кенжебаеваның айтуынша, мұнда 2412 сайлаушы тіркелген, соның 1428-і (59,2%) келіп дауыстарын берген. Соңғы сайлаушы сағат 19.55-те өз таңдауын жасап кеткен.

IMG-20221121-WA0017

- Бізге ЕҚЫҰ-ның Косак және Мұхаммет деген екі байқаушысы келді. Олар 30 минуттай болып, сайлаудың өтуін, құжаттардың рәсімделу барысын қарады. «Комиссия құрамына ер адамдар неге аз?» деп сұрақ қойды. Мәселен, 7 адамнан тұратын біздің сайлау комиссиямызда 2 ер адам болатын. Біз өз тарапымыздан «комиссияға мүше болу үшін адамның келісімі, жауапкершілігі болуы керек» деген бағытта жауап бердік. Олардың біздің бұл жауабымызға қанағаттанып, ал комиссия жұмысына жақсы баға берді,-деген Алмагүл Алғалиқызы сайлауға жастар да, орта жастағылар да, егде адамдар да келгенін, көбінің көңіл-күйі көтеріңкі болғанын жеткізді.

Сәкен Мұратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале