Переметный ауылында әз-Наурыз мейрамына орай «Ұлыс оң болсын!» атты мерекелік іс-шара өтті.
Орталық алаңда болған іс-шара «Салт-дәстүрім – салтанатым» деп аталған театрландырылған көрініспен ашылды.
Онда қыз бен жігіттің танысуы, құда түсу, беташар, сүйінші сұрау дәстүрлерінен көріністер көрсетілді. Содан соң түйеге мінген Қыдыр ата жиналған жұртшылыққа батасын берді.
- Құрметті жерлестер баршаңызды келіп жеткен Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз мерекесінің халқымыз үшін орны зор. Қыстан аман-есен шыққан ел-жұрт бір-бірімен қуаныса қауышады. Даламыз бен қаламызға құт-береке молынан келетін осынау уақытта салт-дәстүріміз жанданатып салтанатты шақ туады.
Мемлекет басшысының бастамасымен жасақталған «Наурызнама» тұжырымдамасының әр күні ерекше. Халқымыздың ынтымағын нығайтып, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуға бағытталған бұл тұжырымдамаға сәйкес ауданымызда да түрлі іс-шаралар өтуде.
Берекенің бастауы – егініміз бітік, төрт түлігіміз қоңды болып, дастарханымыздың нан мен аққа толуы. Бәйтерек – өңірімізді ырысы ортаймас алтын қамбасы, әлеуеті зор аудан. Облыстағы егістік алқаптың 60 пайызы ауданымыздың аумағында орналасқан. Осы кезде «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп ізгі тілектер айтылатыны белгілі. Сол ақты, яғни сүт өндіруде ауданымыз облыста көшбастап тұр. Бұл бағыттағы ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің саны артуда. Дарияндағы «Батыс сүт» АӨК тұрғындардан сүт сатып алып, ауылдағы ағайынның тұрмыстық жағдайының оңалуына үлесін қосып, оларға мотивация беруде.
Көктемнің алғашқы лебімен енген осынау шырайлы мерекеде аудан жұртшылығына береке-бірлігіміз артып, несібеміз тасып, тұрмысымыз алға бассын деген тілек айтамын. Әр шаңыраққа амандық, бақыт, құт-береке тілеймін,-деді өзінің құттықтау сөзінде аудан әкімі Марат Тоқжанов.
Әжелер ансамблі, әншілер мен бишілер өнерлерін көрсетіп болғаннан соң жұртшылық ақшаңқан киіз үйлерде жайылған дастархандағы ұлттық тағамдардан ауыз тиіп, қазақ күресі, қол күресі, қой көтеру, асық ату, садақ ату секілді ұлттық ойындарды тамашалады.
Серік Маратұлы
Бәйтерек ауданы