26.03.2021, 12:14
Оқылды: 98

Бақташы жыры біте ме?

Ауылдың болашағы ауыл шаруашылығында екенін ескерсек, табиғи таза өнім өндіріп, кәсіпкерлігіңді дамтыту да осы салаға тікелей байланысты. Ал кәсіппен айналыспай-ақ, қара бала, қара қазанның қамы үшін, жеке аула шаруашылығынан ас-суын ауыстырып отырған қарапайым халық ауласында бір-екі сиыр ұстай алмаса, ауыл деген атына кір келмей ме?

 бақт

Даудың басы «Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, көктем келе ауыл адамдарынан маза кетеді. Жыл сайынғы өзекті мәселе – мал бағатын адал малшы табу. Наурыз айы басталысымен мал бағу жұмысын ұйымдастыру мақсатында аудан орталығында және ауылдық округтерде шаралар алынады. Тұрғындар жиындары өтіп, ақылдастар, көптің көңілінен шығатындай шешім табуға талпынып, шырылдайды. Ауылдықтар болса, қалайда малдың жазда өскенін, ал сауынға ұстағаны сүтін бергенін қалайды. Өкінішке орай, көп болып, ортаға салып талқылағанымен, «былай тартса, өгіз өледі, былай тартса, ат өледінің» кебін киген жағдай ушыққанның үстіне ушыға түседі. Себебі, бұл жиында ақысын жыл сайын аспандатып көтеретін бақташы, өткен жылдың шағымын, өкпе-ренішін жиынға арқалай келген мал иелері екі жақ болып қырқысады.

Шыңғырлау ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Әділ Қаражанов: «Шыңғырлау ауылының тұрғындарының малы биыл да төрт бағытта жайылымға шықпақ. Тұрғындармен кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Мал бағушыға барлық жағдайларын жасап, тұрғындардың да өтініштерін ескеріп отырмыз. Жазда мал бағып, қалған уақытта жұмыссыз қалмас үшін біз бақташыларды қыс кезінде жұмыспен қамтып келдік. Жиындардағы екі тараптың келісуімен қойылған баға 1400 теңге», - дейді.

Ал кезекті тұрғындар жиынынан шыққан А. есімді апамыздың ренішінің жөні бар. Қолындағы бір сиыр, бір құнажын қашарын биылғы қыстан әзер деп шығарып келеді екен. Бір тіркеме шөбінің өзі 60 000 теңгені құраса, ұсақ он шақты қойына деп тағы 5 орама шөп алыпты. Оның өзі 25 000 теңгеге жеткен. Қыс бойы қорадан шыққан қиды аулама жақын үйдің деп көршісі сөйлегендіктен, техника жалдап, екі рет тазарттырыпты. Ол 15 000 теңгеге шыққан. Қаладағы ұл мен қызға қосымша ақша болсын деп көбейтіп отырған малы, пайда емес тек шығын дейді. Енді көктемнің басынан бастап, алты ай күтуге қосса, ай сайын 1400 теңгеден төлеуі керек. Екі бас ірі қараға төлейтін болса, 16 000 теңге бақташыға тиесілі екен...

Бақташылардың да уәжі бар. Күннің аптап ыстығы бар, әрі ауыстыратын бақташы жоқ. Оған қоса ала таңнан қас қарайғанша малдың артында жүру оңай емес деп айтудан танбайды. Оның үстіне, малын қосатын адамдардың дені ақшасын уақытылы төлемей, қан қақсатады екен.

Төрт табынның бірі шыңғырлаулық Бақтығали Дошевтің қарамағында. Мал бағудың талай машақатын көріп жүрген бақташының осы жұмысында әжептеуір тәжірибесі бар. Бақандай 26 жыл мал бағып, өткен жылы еңбегі еленді, облыс әкімінің алғыс хатын алды. Айтарын бетіңе тік айтатын малшының әрине, еңбегін бұлдағандық емес, шындықты айтып ашуланатын кездері болады. Ең бірінші себеп – малын қосқан адамдар, кеште қарсылауға құлқы жоқ. Екіншіден, көктемде 200 бас жиналып қалатын табын, күн ыси келе біртіндеп «азая» бастайды. Қаймақ-майын жиып алған келін-кепшік, сүт азайғанды сылтауратып, әрі кезекке айдау, күтіп алуды қиынсынады. Алыс ауылға табынға апарып немесе тума-туысының малына қосып жібереді. Тағы бір себеп-бақташының еңбегін уақытылы беруді «ұмытып» кетеді. Күндіз мал бағып кеште ақшасын жинайтын малшының, әрине ашуланатын да жөні бар. Ал «медальдің екі жағы» бар демекші, халықтың бақташыға реніші де жоқ емес. «Қой баға алмаған қуып жүріп өлтіреді» деген

бір сөзбен жұмысына салғырт қарайтындарды бір түйреп өткен шыңғырлаулық ақ жаулықты апа, әсіресе желіндеп тұрған сиырын қуалай жөнелетін бақташыны осында көшіп келгелі көрдім» дейді.

Айтып айтпай не керек, ел болған соң бір бітімге келіп, әйтеуір, мал бағатын бақташының табылғанына қуанады. Бақташыларға ауылдағы «Шыңғырлау-1» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі де қарасып тұрады екен. Жаз бойы мініске жылқы және оның жемін, шөбін береді. Сонымен бірге жылқы шаршамасын деп Бақтығали Дошевке екі аяқты мотоцикл де сатып әперіпті. Тағы бір көмегі, мал басын асылдандыру мақсатында қомақты қаражат шығарып, бұқа да сатып алыпты.

Иә, айта кету жөн, өкінішке қарай, қазір шопан таяғын ұстаймын, мал бағамын дейтіндер аз.Төленетін ақшасы дырдай болса да, «менің малға қырым жоқ» деп ат тонын ала қашады. Мал баққаннан гөрі, темір тұлпарды қыздырып, таксилетіп, «клиент» баққанды жөн көреді.

Бүгінде ел экономикасын еселеп отырған сала, бұл – ауыл, соның ішінде мал шаруашылығы екені даусыз. Рас, қазір адамзат баласының дүниетанымы өзгерді, оған нарық заманы өз өрнектерін салуда. Бірақ, «өркениетті елдер қатарына қосылдық екен» деп малдан бас тартуға бола ма? Малды көбейтпей, балаларымызға ақ ішкізбей қалай өмір сүреміз? Тек осыған жағдай жасалуы тиіс деген ой көпшіліктің көкейінде қала береді...

 

А.Муса,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Сурет stan.kz сайтынан алынды

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале