5.07.2024, 23:00
Оқылды: 72

Бақтықожа Ізмұханбетов Министрге хабарласты

Тасқыннан соң тасып жатқан жұмысты бақылауды билік тізгінін ұстағандар күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелер қатарына қойды. Суға кеткен үйлердің тұрғындарымен пікір алмасып, жаңадан бой көтергелі тұрған баспана құрылысының қарқынын көріп, сапасын тексеру, құрылыстағы қиындықтарды Үкіметке жеткізу, оңтайлы шешімін табу жұмыстары бір сәтке тұралап қалған емес. Осы орайда бүгін Теректі аудандық Подстепный ауылына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ардагерлер ұйымының төрағасы, әр жылдары облысты басқарған білікті әкім Бақтықожа Ізмұханбетов пен VIII шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан келді.

FB_IMG_1720191244651

Облыстық мәслихат төрағасы, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Мұрат Мұқаев, аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова, аудандық мәслихат, «AMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Әлжан Нұрғалиев, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев Бақтықожа Салахатдинұлын баспана құрылысына бастап барды.

FB_IMG_1720191238995

- Табиғи апат еліміздің өңір тұрғындарына айтарлықтай шығын келтірді. Енді оны қалыпқа келтіріп, ағайынның жағдайына көңіл бөлу өте маңызды іс деп білемін. Ең бастысы – халықтың болашағы, - деді Бақтықожа Ізмұханбетов өз сөзінде.

«Атамекен Инвест Групп» компаниясы ауылдағы жалғызбасты тұрғынның үйін жауапкершілігіне алып, баспананың 70 пайызын аяқтап үлгерген. Бірақ мәресіне жеткізу «Qazaq Stroy Almaty» ЖШС-і тарапынан қаржыландыру болмаған соң жүзеге аспай отыр. Бұл туралы компания директоры Жанболат Аманғалиев баяндады.

- Біздің компания үйлері суға кеткен тұрғындардың он бесінші үйін салып жатыр. Он төрт үйдің төбесі көтеріліп, енді ішкі жұмыстары қалды. Барлық жұмыс қаржыға кеп тіреледі ғой. Жұмысшылардың шабыты тасып тұр. Материалдың бәрі дайын. Бірақ қаржыландыру мәселесі шамалы. Сол үшін жұмыс барысы да баяу жүріп, ақсап қалды,- деді директор Жанболат Хайроллаұлы.

FB_IMG_1720191236404

Мұны естіген Бақтықожа Салахатдинұлы дереу Қазақстан Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапевқа хабарласты. Расы керек, осыған дейін қаржы түйткілі әбден титыққа тиген-тұғын. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев өңірге сапарында «Qazaq Stroy Almaty» ЖШС-іне қоңырау шалып, бір жолға қоюын талап еткен еді. Бірақ әлі күнге дейін шешілмей келеді. Бақтықожа Ізмұханбетовтың Қанат Бейсембайұлымен сөйлесуіне тоқталсақ, қаржы келесі аптаға дейін аударылады. Күпті болған көңілді орнына әкелген ол тұрғындардың үй-жайын қамтамасыз ету үшін тырысып бағатынын жеткізді. Атырау облысына сапар шегіп, жұртшылықтың ойын тыңдап, мәселелерін тыңдауға аттанғалы тұрған Бақтықожа Салахатдинұлы азаматтардың алаңсыз ғұмыр кешуіне қолдан келгенді жасайтынын айтты. Абзал Темірғалиұлы тамыз айында тағы өңірге келіп, бақылау жұмыстарын жүргізетінін тілге тиек етті. Қоңырау шалынып, мәселелер шешілсе, ауыл тұрғындары шаттанып қалары анық.

Ақтілек Әлібекұлы,

Теректі ауданы

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале