Мемлекет басшысының Жарлығымен қыркүйек айының екiншi жексенбiсi отбасы күні болып бекітілді. Атаулы күннің отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, өнегелі жанұяның үлгілі имиджінің қалыптасуына, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік артып, жастардың некенің салмағын сезінуіне ықпалы зор.
Мерекеге орай ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы – 2024» ұлттық конкурсына биыл ауданымыздан ұрпақ сабақтастығынның ұйытқысына айналған белестік Қонысбай Қайырғалиевтер жанұясы қатысып, «Үлгілі отбасы» номинациясын иеленді.
– Отбасы – заңды некемен құрылып, жылы қарым-қатынастан тұратын, сәбилер өмірге келіп, бақытты ортада өсіп-жетілетін, білім мен тәрбие алатын әр жұптың ыстық ұясы, қасиетті алтын бесігі. Қай заманда, қай елде болмасын отбасының адамзат ұрпағына әсері айрықша. Отбасы күнін арнайы атап өту және «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының ұйымдастырылуында да үлкен мән бар. Сайысқа барлығы 13 жанұя қатысты. Біздің отбасыны осы жобаға лайық деп таныған ауыл әкіміне алғысымыз шексіз. Отағасы да өзім де көпбалалы отбасынан шықтық. Ата-ананың тәрбиесін көріп, бауырдың ізгі мейірімін сезініп өстік, ұрпағымызға да сол қасиетті дарытуды мақсат тұтамыз. Отбасымызда 2 ұл, 3 қыз өмірге келді. Үлкен қызымыз тағдырдың жазуымен дүниеден өтті. Бүгінде Асылхан, Арайлым, Нұрқанат, Ақкенже есімді қолғанаттарымыз бар. Отағасы екеуіміз ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, ата-аналық борышымызды атқарып келеміз. Баланы өмірге әкелу аз, оларды толыққанды адам етіп өсіру керек. Біз бала жасқа, балаларымыз дана жасқа қадам басқан шақта түсіністік пен сыйластық та ғұмыр кешкенге не жетсін?! Барша жанұяда береке-бірлік, амадық болсын, - дейді Қонысбай Қайырғалиевтер отбасының өнегелі отанасы Қанзиба Жолманова.
Салтанат Зұлқарнаева
Бәйтерек ауданы