11.09.2020, 15:37
Оқылды: 50

Бақыт балалы үйге қонады

Көпбалалы отбасы – бақ-береке, ынтымақ пен татулықтың мекені. Қазіргі таңда көпбалалы отбасын көрсек, таңырқап, таңданып жататынымыз жасырын емес. Әйел затының мойнына жүктелген ауыр жүк – ана болу. Ал көпбалалы ана болу оңай емес һәм нағыз ерлік.

2BEC90D7-FC58-4293-BA92-21EC7F2E6B8E

Данагөй халқымыздың «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген аталы сөзі бар. Расында, бүкіл адамзаттың іргетасы әйелдің қолымен қаланады. Әйел – отбасының шырағы, берекесі, ұйытқысы. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де қазақ халқының демографиялық өсуіне өз үлесін қосқан ана. Ол балаларын Тәңірдің тәтті сыйындай көріп, бар мейіріміне бөлеп өсірді. Ол бүгінде 8 баланың анасы. Жаны ізгі, жүзінен шуақ, тілінен тілек төгілген, алтынқұрсақты апамыз Нұрайнаш Тезмағамбетова 1969 жылы Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Ел қатарлы орта мектепте білім алып, 1986 жылы Гурьев педагогикалық институтына «Музыкалық білім» мамандығы бойынша оқуға түседі. Жұбайы Еркін Муфтиев ағамызбен институт қабырғасында танысып, шаңырақ көтереді.

F42DE88D-2BBB-4EDF-8479-D055F49DD9C0

- Негізінен өзімнің туып-өскен отбасым көпбалалы жанұяның қатарына жатпайды. Әкеміздің өмір керуені тоқтағаннан кейін, белді бекем буған анамыз бізді жалғыз қалдырмай, ешкімнен кем қылмай, бағып-қағып өсірді. Отбасымызда тек үш қызбыз. Соның ішіндегі кенжесі мен. Қазіргі таңда әкем де, анам да о дүниелік болды. Жаңақала ауданының азаматы, аяулы жұбайым  Еркінмен 1988 жылы отау құрған болатынмын. Ол кезде мен бар болғаны он тоғыз жаста едім. Тұрмыс құрған жылы, яғни 1988 жылы үлкен қызым Бақтыгүл дүниеге келсе, Жан есімді кіші ұлым 2009 жылы жарық дүние есігін  ашты. Бүгінде 5 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, «Алтын алқа» иегері атанып отырмын, - деп бастады әңгімесін көпбалалы анамыз.

Нұрайнаш апамыз 1988-1994 жылдары аралығында балабақшада тәрбиеші қызметін атқарғаннан кейін, 2006 жылдан бастап мұрағатта жұмыс істеген. Осы аралықта, яғни 1994 жылы бала бағып үйде отырып қалған соң жұмысқа орналасудың да реті болмапты. Жұмыссыз отырғанына қаймықпай дүниеге Бақтыгүл, Гүлдана, Ерген, Нұркен бауырлары Нұрсұлтан, Сұлтан, Аружан және Жан есімді ұл-қыздарын дүниеге әкелді. Мұны қалай ерлікке теңеп, үлгі тұтпассың?! Алайда, қазіргі таңда қыз-келіншектердің көпбалалы жанұя қатарына кірмек түгіл, әжептәуір бөлігі шошып жатады. Қазіргілер бір-екі баламен шектелетіні де ащы шындық. Бұл туралы Нұрайнаш апамыз: «Оларды шошытатыны әрі қарай өскенде мұқтаждықтары мен қажеттіліктерін толықтыра алмай қалам деген қорқынышы болар. Осы кезге дейін жолдасымыз екеуміз балаларымыздың көптігінен шаршап, қабақ шытқан кезіміз болған емес, Алланың бергеніне шағымданбай, аман-есен өсіріп жатырмыз. Аллаға шүкір, қазір балам үйленіп, қолым ұзарып ене атанып отырған жайым бар» дейді. Бауыр еті баласының көптігіне шын көңілмен қуанып отырғаны апамыздың дидарынан анық көрінді.

«Тәрбие – тал бесіктен»

- Баланы тәрбиелеу ата-ананың ұстанымына байланысты болмақ. Ата-анасы қандай болса, одан тараған бала сондай болады. Халық даналығында:

«Ұл жарытып ас бермес,

Әке өнегесін көрмесе.

Қыз ақылды ескермес,

Ана үлгісін көрмесе» демекші, ұл бала әкесінен үлгі алып, жаукершілік, Отанды қорғау тағы да басқа ер-азаматқа тән нәрсемен айналысу керек.  Ал қыз бала әйелге қатысты жұмыстармен жүруі тиіс. Қазіргі кезде жарым-жарты, толыққанды емес отбасының әсерінен ұрпақ дұрыс үлгі-өнеге ала алмай қалып жатады. Осы мәселе қазіргі таңда көптеп кездеседі. Сондықтан да кейінгі ұрпаққа тәлім-тәрбие берерде, өнегені ата-әжелеріміздің дәстүрін үлгі етіп отырсақ, көп нәрсенің алдын аламыз, - деген Н.Тезмағамбетова бала тәрбиесіне қаншалықты мән беретінін тілге тиек етті.

Қазіргі таңда Еркін ағамыз бен Нұрайнаш апамыздың да ұл-қыздары тәрбиелі болып өсіп-өніп, үлкендерінің әрқайсысы өз алдына маман иесі атанып, кішілері мектеп қабырғасындағы үлгілі балалар қатарында білім алып жүр.

- Шүкір, жеке малымыз, бау-бақшамыз бар. Малды бағып, өсіру, бау-бақшаны суару сияқты жұмыстарды бір-біріне қолғабыс білдіріп, балалар атқарады. Отағасы 30 жылдан астам жүргізуші болып қызмет етіп келеді. Сондықтан көбіне іссапарда болады. Ал әкелерінің жоқтығын білдірмей үйдің шаруасының барлығын тиянақтау ұл-қыздарының шаруасы.

Көпбалалы анаға қолдау қажет

Елімізде көпбалалы жанұяларды қолдау мақсатында 500 млрд. көлемінде ақша бөлінген екен. Бірақ, ол отбасылардың табыс табу деңгейі әртүрлі, яғни, бірінің табысы аз, бірінікі көп. Осыны ескере отырып, көпбалалы отбасыны қолдау шараларын жүргізу керектігін қолға алған. Көпбалалы жанұяларды мемлекет тарапынан қолдау ең әуелі табысы аз отбасыларға берілу керек екен. Елбасының айтуынша, көпбалалы отбасындағы әр балаға 21 теңге төленуі керек екенін айтып, сұрағанымызда:

- Үкіметтен ешқандай көмек жоқ, алдағы уақытта «Алтын алқа» бойынша берілетін 16 мың теңгені көбейтсе, жақсы болар еді. Баланың көп болғаны жақсы, алайда жұмысың жоқ болса, Үкіметтен көмек болмаса, олардың барлығын өсіріп жетілдіру қиын. Ол үшін үкімет көп ақша бөліп, қолдау білдіруі қажет. Мүмкін сол кезде жастар ойланар. Қазірде технологияның дамыған заманында қажетті техникаларды алу керек, әрқайсысының киім-кешектері бар. Кейде қажетті заттары жеткіліксіз болып жатады,-деп көпбалалы анаға Үкіметтен берілетін көмектің мардымсыз екенін айтты.

Бала тәрбиесіне қатысты ұстанымдары

Нұрайнаш Нығметжанқызы бала тәрбиесіндегі басты үш ұстанымын атап өтті:

Ең бірінші – балаларыңның амандығы үшін дұға жасау. Екінші мәселе – жанұяңа, жұбайыңа, туған-туыстарыңа және ата-анаңа деген жақсы қарым-қатынасың арқылы, яғни осы тәрбиенің барлығын бала бойына сіңіру. Бір сөзбен айтқанда үлгі болу. Одан кейін, әрине - жылулығың, мейірімің, махаббатыңды білдіріп, қолдап отыруың керек.

Ата-ана әр баласы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, алаңдап отыратыны белгілі. Қандай жағдайда да ақыл тауып кететін қазақ халқымыз «Жалғыз баласы бардың шығар-шықпас жаны бар, екі баласы бардың өкпе, бауыр, жалы бар, үш баласы бардың бұқарада пұлы бар»,-деп бекер айтпаған. Адамзат тарихында ұлы тұлғалардың көбісі көпбалалы отбасында дүниеге келген екен. Ақ пейілді, нұрлы жүзді Нұрайнаш Нығметжанқызының көпбалалы жанұясы қазіргі жастарға үлгі десем, артық айтқандық емес. Мүмкін осындай үбірлі-шүбірлі болып жүрген көпбалалы жанұяны көргенде қазақ қыздары мен жігіттері ойланар, халық санының өсуіне атсалысар деп үміттенеміз.

Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале