Отбасы - бүтін бір мемлекеттің іргетасы болып саналады. Осы бір шағын мемлекетте бала өсіп-өніп, үлкен өмірге қанат жайып ұшады. Біздің ауданымызда да бетке ұстар, үлгі тұтатын отбасылар жетерлік. Сол үлгілі отбасылардың бірі – жарсуаттық Беркалиевтер жанұясы.

Шаңырақтың иесі Бекболат Беркалиев ауданымызға қарасты Жарсуат ауылында орналасқан «Ақсай» шекара бөлімшесінде катер командирі болып жұмыс жасайды. Ал жолдасы Зульфия Беркалиева Жарсуат ЖОББМ-де және «Арай» балабақшасында психолог.

Екеуі де өз жұмыстарына жауапты жандар. Олардың жетістіктеріне келсек, Бекболат аудан әкімінің алғысхаттарына, ал Зульфия Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының Құрмет грамотасы, аудандық “Үздік жыл психологі” байқауының II орын иегері.
Бекболат пен Зульфияның отау құрғандарына биыл 10 жыл. Олардың 3 бүлдіршіндері бар. Тұңғыштары Аминат биыл Жарсуат ЖОББМ-нің 3-сыныбын аяқтаса, Самина 1-сыныпты бітірді. Қазіргі уақытта 2 жастағы кенжелері Ахмет «Арай» бөбекжайының тәрбиеленушісі. Үлкен қыздары Аминат мектебінде озат оқушылар қатарында. Ол неше түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Атап айтсақ, республикалық Зерде олимпиадасының жүлдегері.

- Отбасы – адам өміріндегі ең негізгі тірек. Менің ойымша, отбасы құндылығы тек бірге тұруда емес, бір-бірін түсініп, құрметтеп, қиындықта да, қуанышта да бірге бола білуде. Үйде жылулық, сенім, ашық әңгіме болса – сол отбасы берік болады, - дейді осы шаңырақтың ұйытқысы Зульфия.
Бүгінгі біздің кейіпкерлеріміз жәй отбасы ғана емес, бұл әскери адамның, яғни, шекарашының жанұясы. Шекарашының жары болу дегеніміз - ер азаматының мемлекет шекарасын қорғаудағы міндетін абыроймен атқаруына психологиялық тұрғыдан сенімді қолдау білдіре білу. Яғни, шекарашаның жары болу қиын әрі жауапты екенін Зульфия да біледі.
- Иә, шекарашының жары болу – оңай емес екенін жасырмаймын. Әскери қызметтің тәртібі қатаң, жауапкершілігі жоғары, ал уақыт жағынан отбасыға әрдайым мүмкіндік бола бермейді. Кейде ұзақ уақыт көріспей қалу, уайымдау – біз үшін қалыпты жағдайға айналды. Бірақ та, бір жағынан бұл – үлкен мақтаныш. Осындай қызметте жүрген азаматтарға түсіністікпен қарап, қолдау көрсету – отбасы үшін де маңызды. Жолдасымның жұмысына деген менің көзқарасым оң, шекарашының жары ретінде біздің өмірімізде ең бастысы сабырлық, түсіністік және сенім деп ойлаймын. Осылар болса, кез келген қиындықты бірге жеңуге болады, - дейді кейіпкеріміз.
Дана халқымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтпаса керек. Себебі, отбасыдағы жағдай, ата-ананың бір-біріне, балаға деген қарым-қатынасы болашақта сол баланың психологиясына әсер етеді. Бала тәрбиесі сәби жарық дүниенің есігін ашқан сәттен басталады. Ата-ананың басты міндеті ол - ұл-қызын дұрыс тәрбиелеу. Беркалиевтер жанұясы да отбасыдағы қарым-қатынастың бала тәрбиесiнде алатын орны ерекше деп санайды.
- Балаға ең алғашқы тәрбиені де беретін, үлгі де болатын ол – ата-ана. Бала тәрбиесіне келсек, ең басты қағидам – тәрбие сөзбен емес, іс-әрекетпен беріледі. Бала ата-ананың айтқанын емес, істегенін қайталайды. Сондықтан өзің қандай болсаң, балаң да сондай болуға тырысады. Тағы бір маңызды нәрсе – баланы тек талаппен емес, махаббатпен тәрбиелеу. Шектен тыс қаталдық та, шектен тыс еркелету де дұрыс емес. Осылардың арасынан орта жолды табу керек. Менің басты қағидам балаларымды сенім, сыйластық және жауапкершілікке үйрету. Бала өзін қауіпсіз сезінсе, ойын ашық айтса, және өз ісіне жауап беруді үйренсе – ол болашақта дұрыс бағыт таба алады. Жақсы тәрбие – идеал ата-ана болуда емес, баламен бірге өсіп, бірге үйренуде деп ойлаймын, - дейді психолог Зульфия Беркалиева.

Шаңырағы биік, босағасы берік бұл жанұя үшін ең бірінші орында - бір-біріне деген құрмет пен сыйластық. Беркалиевтер жанұясы үшін бақыттың кілті – бірлікте. Бүгінде олар балаларын ешкімнен кем қылмай, еліміздің үлгілі азаматтары етіп тәрбиелеу үшін аянбай еңбек етуде.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы