16.09.2021, 17:14
Оқылды: 57

Бақытжан Сабырәлиев: "Ұлттық тәрбие мен құндылықты сақтай білсек..."

Дін – қоғам өмірінің рухани бөлшегі. Бұл салада дұрыс бағытта насихат жұмысы жүргізілсе иманымыз кемелденіп, діни-экстремистік бағыттағы топтардың тұсаулануына септігін тигізері сөзсіз. Әлемдегі ахуал мен еліміздегі жат ағымдарды ескере отырып түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Осы мақсатта 16 қыркүйек күні ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша бас имамы, Орал облыстық орталық мешітінің бас имамы Бақытжан Сабырәлиев жұмыс сапарымен ауданымызға табан тіреді.

IMG_1276

Бас имам жұмыс сапарын жергілікті атқарушы билік өкілдерімен кездесуден бастады. Аудан әкімдігінің кіші залында өткен басқосуға аудан әкімінің орынбасары Қадер Нұрғалиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева, Казталов аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Жандосбек Құсайынов, Жалпақтал ауылдық мұсылмандар мешітінің бас имамы Тілек қажы Нұралиев қатысты. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева ауданымыздың тарихын баяндап, діни бағытта түсіндіру жұмыстарының жүргізілу барысына тоқталды. Жиында Бақытжан Құралбайұлы діни бағытта ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу және имамдардың жұмысын назарға алу мақсатындағы жоспарлармен бөлісті. Имамның сөзінше, 2022 жылдан бастап имамдардың да жұмыс жоспары бекітілетін болады. Бұл дін саласындағы кейбір мәселені оңтайландыруға сеп. Сондай-ақ облысымыздың бас имамы «Nur Otan» партиясы Казталов аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық бөлім, мекеме басшылары және аудандық терроризмге қарсы комиссия мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында бас имам жат ағымдармен күресте ескеру керек негізгі тетіктерге тоқтала отырып, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында ұлттық болмысымызды назарға алу керектігін атап өтті.

IMG_1286

– Қазіргі жастар тары өсірген Шығанақ Берсиевтің, күрішші Ыбырай Жақаевтың кім екенін білмейді. Бұл – жас буынның емес, біздің қателігіміз. Біз діни ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізген уақытта ұлттық тәрбие мен құндылықты насихаттай білсек, ұрпағымыздың да сауаты артатындығы кәміл. Сондықтан діни бағытта түсіндіру жұмысын жүргізер болсақ, тарихымыз бен әдебиетімізді, оның ішінде жергілікті өңірдің тарихын, мәдениетін басшылыққа ала білсек нұр үстіне нұр, – деді ол.

Бақытжан Құралбайұлы Казталов аудандық мұсылмандар мешітінің жамағатымен кездесу өткізіп, уағыз айтты. Сонымен қатар білім беру ұйымдарындағы «Дінтану» пәні мұғалімдерімен кездесіп, оқу барысындағы негізгі критерийлерге тоқталды. Облыстың бас имамымен өткен кездесулер барысында дін саласына қатысты түйткілді мәселелер талқыланып, көкейдегі сұрақтарға жауап алынды.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале