27.04.2023, 15:19
Оқылды: 179

"Бала барысы - 2023" аудандық байқауы өтті

Бүгін күрестің кез келген түрінен кіл мықтыларды сыйлаған киелі Ақоба топырағында Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай қазақ күресінен "Бала барысы - 2023" аудандық байқауы өтті.

0d2c54fb-f2ad-47fa-80fd-6d56c8d9b86b

Дәстүрге айналған ұлттық спортта аудан бойынша кіл озаттар өз деңгейлерін көрсетті. Бойларынан нағыз қазақтың рухы ескен жас палуандар ауылдарының намысын жықпады. Түрлі көңіл күйлер арнасына сыймай, алаңда көрініс тапты десек те болады. Шындығына келсек, қатысушылардың бірі жыласа, бірі ашуға ерік беріп, енді бірі бөріктерін аспанға атты. Жылағаны — әлсіздік емес. Керісінше, қайраттарын жанығаны деп топшыладық. Ашуланғаны — сіз түсінген ашу емес. Баһадүрлерге тән, туған ауылының сенген сенімі үшін барын салған ашу деп түсіндік.

75167c54-0b8c-452d-b1de-3c5b6f2b20ab

Жыл сайын асыға күтетін доданың құрметті қонақтары ретінде Орал қаласынан БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы бөлімінің басшысы Нұрлан Қазиев, облыстық мүмкіндігі шексіз жандарға арналған спорт клубының директоры Әскербек Нұрмұханов, аудан әкімінің орынбасары, спорт жанашыры Асхат Молдағалиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бағида Сарбалина, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алтай Бақтығалиев пен Жәнібек аудандық мешітінің бас имамы Есенболат қажы Абдуғалиев қатысты. Алғаш болып турнирдің ашылу салтанатында құттықтау сөз Асхат Хамитұлына берілді.

Ол спортқа, соның ішінде қазақ күресінің дамуына үлес қосқалы тұрған кішкентай палуандарға һәм ұйымдастырушыларға алғысын білдірсе, шараның қадірлі мейманы Нұрлан Тұрланұлы сәні мен мәні келіскен байқаудың куәгері болғанына қуанып, сәттілік тіледі.

Бас демеуші, аудан көлемінде өтетін спорт жарыстарына әрдайым қолдау білдіретін Ринат Қалмияров та үнтаяқ арқылы жүрек үнін жеткізіп, соңынан ерген інілеріне үлкен үміт артты. Ауылдағы көптеген жастарды боз кілемде белдесуге дайындап, оларға рухани және кәсіби жігер берген спорт ардагері Мұхтар Қайырғалиұлы батасын берді.

Байқау үміткерлері салмақтарын өлшеп, жеребе суырып, жұптарын анықтады. Түз тағысының терісін ілген, өрнектері тартымды шапан киген, жастары кіші болғанмен тұлғалы оқушылардың белдесуі көз сүйсіндірді. Дайындықты былай қойғанда, өздеріне жарасымды лақап аттары елдің ілгері келе жатқанын ұқтырды. Әсіресе, жүлделі орындарға қол жеткізу үшін белдескендер тартысты өнер көрсетті.

Жарыстың төрешілері Сырым Байсов, Нұржан Есімов, Нұрәділ Мұстақ пен Батырхан Нәзиев әрі-сәрі күйге түсті. Әділ шешім шығару үшін барын салып, барлығын ереже бойынша бағалады. Түйінінде тартысқа толы қазақ күресінің қола жүлде иегері жәнібектік Нұржас Ескендір атанса, күміс жүлде Ақоба ауылының палуаны Тимур Хасеновке бұйырды. Ол былтыр өткен турнирде қарсыласқа шақ келтірмей, "Бала барысы" атанған болатын.

103d341c-445e-401c-8d5c-cf9d69f06673 (1)

Биыл онымен финалдық кезеңде кездескен Думан Қайраттың бағы мен бабы келісті. Ақоба ауылының абыройын асқақтатқан ол жүлделі 1-орын иеленіп, "Бала барысы - 2023" атағына қол жеткізді. Сонымен қатар, өзге қатысушылардан ерекшеленген Нұртілек Ахметке (Күйгенкөл ауылы) "Ең жас палуан", қайтпас қайсарлығымен көзге түскен Шыңғыс Сәпиевке (Талов ауылы) "Жеңіске деген жігері үшін" аталымы берілді.

Шәкірттердің бетін қақпай, белін буған жетекші Нұркен Меңдібаевтың да еңбегі еленді. Ауыз толтырып айтатын жайттың бірі — әр жеңген қатысушыға демеуші ел азаматтары Бауыржан Сайынұлы мен Ринат Қайратұлының атынан ақшалай сыйлықтар табысталып отырды. Барлық жүлдегерлер арнайы дипломдар иеленіп, ұйымдастырушылар мен жомарт ерлердің тарапынан қомақты қаржымен марапатталды.

Ақтілек Әлібекұлы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале