Жайдарлы жаздың алғашқы күнімен қатар келетін 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні Бөрлілік балғындар да кеңінен тойлады.
Мерекеге орай қаладағы Ғ.Жәңгіров саябағына жиналған балғындарды қала әкімі Арсен Баяндықов құттықтады.
- 1 маусым - балаларды қорғау күні құтты болсын! Барлығыңызға ашық аспан, бейбіт өмір, сәбилерге бақытты балалық шақ, әрқашанда сыңғырлаған күлкі тілеймін. Еліміздегі өскелең ұрпақ Отанымыздың мақтанышы. Құрметті бүлдіршіндер, сіздерге оқуда озат, дарынды, жан-жақты, бастысы дендері сау азамат болып өсулеріңізге шын жүректен тілектеспін, - деді әкім.
Мерекеде балалықтың бал дәуренін бастан кешіріп, алаңсыз ойнап-күліп, асыр салған балғындар түрлі шараларға қатысып, сыйлықтармен де марапатталды.
Ал ауданымыздың басты сахнасында аудандық демалу орталығының ұйымдастыруымен өткен «Балаларға базарлық» атты мерекелік концерт жоғары дәрежеде өтті. Мәдениет үйінің әншілері мен талай додаларда топ жарып жүрген шәкірттерінің орындауындағы әндер мен билер көпшіліктің көңілінен шықты.
Мерекеде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен асфальтқа сурет салу байқауы да өтті.
Шарада аудандағы № 9 өрт сөндіру бөлімі ашық есік күні ұйымдастырып, азаматтық қорғау қызметкерлері балалардың сұрақтарына жауап беріп, жадынамалар мен нұсқаулар ұсынды. Өрт сөндіру техникасы мен құтқару құралдары таныстырылды.
Балалар арасында түрлі ойындар бойынша жарыстар және аудандық дене шынықтыру бөлімі мен «Ақсай» спорт клубының ұйымдастыруымен көңілді сөрелер жарысы да өтіп, жарысқа Ақсай қалалық №4 және №6 мектеп-лицейінің оқушылары қатысты. Мерекеде сайқымазақтар мен мультфильмдердегі түрлі кейіпкерлер балғындарға ойын ойнатып, көңілдерін көтерді.
Аудандағы ерекше балалар да назардан тыс қалған жоқ. Қаладағы «Нұр-ай» мейрамханасында балаларды қорғау күніне арналған жыл сайынғы шара өтті.
Мерекені Бөрлі ауданының іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен «Жас Қанат» ЖҚБ ұйымдастырды. «Жаңбыр балалары» жобасының қызмет алушылары мерекеге белсенді қатысты. Аниматорлармен бірге балалар ойын ойнап, би биледі. Мереке соңында барлығы Бөрлі ауданының іскер әйелдер кеңесінің тәтті сыйлықтарын алды. Шараның демеушілері - балаларға арналған мерекелік дастархан ұйымдастырған «Нұр Ай» мейрамханасына және мерекені өткізуге көмектескені үшін №3 мектептің «Жүректен жүрекке» еріктілер жасағына алғысын жеткізді.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz