11.03.2024, 12:30
Оқылды: 14

«Бала деп өмір сүрген халықпыз»

1938 жылы дүние есігін ашқан шыңғырлаулық Жаңыл Әуелбайқызы өмірінің әр күнін еңбекпен өткізіп, ел дәулетін еселеуге үлес қосқан жандардың бірі. Соғыс басталып әкесі Әуелбай майданға аттанғанда Жаңыл бар-жоғы 3-ақ жаста екен, әкемнің бейнесі жамымда қалмады дейді. Соғысқа алынған жанұя тірегі сол бойы хабар-ошарсыз кетіпті.

Өмірінің

Жаңыл Есенова да ес біліп, етегін жиғаннан бері әуелі анасына қолқабыс жасай жүріп кейін Отрадный ауылындағы мектепте сауатын ашып, 4 класқа барар тұста мектептегі балалар орысша оқитын болғандықтан, қазақша оқитын балаларды алмаймыз деген соң амалсыз Лубен ауылына келіп, осында 4 кластық білім алған екен. Анасы Ұрқияға қолқабыс жасаймын деп 15 жасынан колхоз жұмысына араласады.

«Сенесің бе, айналайын, сенбейсің бе өзің біл. 15 жасымда 15 сауын сиыр саудым. Сауылған сүтті бидонға құйып, өгіз арбамен ауданға, майзаводына апарып тапсыратынмын. Ол кезде жаспын, өзім де ірі денелі болдым, көмектесем дегендерге көнбей дәу бидонды жалғыз өзім көтеріп арбаға салушы едім»,-деп еске алады ол. Осылай ол күн сайын ауданға жол тартады екен. Бойжеткен қыз дәм-тұзы жарасып қотанталдық Ғиылман Есеновтің өзінен он жас үлкендігіне қарамастан етегінен ұстап, отбасылық өмірін бастайды. «Жасы менен үлкен болғанымен, жайлы да еңбекқор адам болды. Күні-түні колхоз-совхоз жұмысынан бас алмайтын. Айдамаған техникасы жоқ-ДТ, Белорусь, комбайндарды ұршықша үйіріп, қыста да, жаз да бір мігір таппайтын. Жұмыстың ең қиын жерінде де жүретін сол еді. Қартымның еңбегін әкімшілік те әділ бағалап, сый-сияпаттан құр қалдырмаушы еді», - дейді кейуана.

Жанұялық өмірді бастағанымен Жаңыл Әуелбайқызының да қол қусырып отырған кезі жоқ, қай жұмысты тапсырмасын бас тартпай білек сыбана кірісіп кететін. Қалай болғанда да жұмыссыз отырмау керектігін түсінетін.

«Сақманға қатысып, төлдерді аяғына тұрып кеткенше баладай мәпеледік. Әйтеуір алынған төлден шығын шығармау үшін жанымызды салатынбыз. Одан кейін қой төлдету қосына барып от та жақтым, 3 шақырым жерге таң атпастан барып, жұмысшылар келгенше жылытып қоятынмын. Өмірімде бір күн қол қусырып отырмаппын. Қартым екеуіміз өмірге 8 қыз, 4 ұл әкелдік. Шүкір бәрінің де бүгінде көзі тірі. Қотантал ауылында 45 жыл тұрдым. Балалар өсіп, жан-жаққа кете бастаған тұста аудан орталығына келіп, мына тұрып жатқан үйімізді қартым өзі салып еді. Міне, бүгінде осы үйде қыздарыммен бірге тұрып жатырмын. Балаларымның бәрі де өз қызметтері бар, әр қалада еңбек етуде. Бәрінің де амандығына шүкіршілік етемін», - дейді әзіз ана.

Кейуананы суыртпақтап әңгімеге тарта отырып, бірталай бастан кешкендеріне қанықтық. Кей тұста езу тартып, кей тұста басымызды шайқадық. Жаңыл әжей өзі құралғы қыз-келіншектермен баз майлауға барыпты бірде. Баздың  төбесіне қыза-қыза шығып кеткен Жаңыл өзі айтпақшы салмағы да бар, ет қызуымен жұмыс істеп жатқанда баздың төбесі опырылып, ішіне түсіп кетеді. Суырып алатындай жанында тұрғандарда күш жоқ, «не болар екен» деп аңтарылып тұрғанда Жаңыл үсті-басын қағып баздың есігінен шыға келіпті. Бір күні ауласындағы құдықтан су алуға барады. Басып тұрған баспасы құлап кетіп басымен құдыққа құлап кетеді. Құдықтың түбінен бір шыққан ол жан далбасалап малтып, ішінде тұрып айғайлағанда дауысын естіген көршілері жүгіріп келіп, баспа салып шығарып алыпты. Ол кезде ауыл әйелдері масақ, шемекінің дәнін жинауға далаға да барады. Жаңыл да даладан тергендерін тазалап, қуырып, ақтап аудан орталығына әкеліп сатады. Осылай бір тиынды екі тиын қыла жүріп сол шемекіден түскен ақшаға отағасына тай алып бергені де оның еңбекқорлығын көрсетсе керек. Сонау Алматыда тұратын қызына, Оралда тұратын балаларына қапшық-қапшық ет, майын, құрты мен тарысын салып жолға шығудан шаршамайтыны тағы бар. Қазіргі таңда қарап отырса балаларының алдыңғысының өздері зейнеткерік жаста, сонда да «аналап, апалап» аналарының алдында бастарын иіп тұрғаны. Солардан өрбіген 30 немере, 53 шөбересінің әрқайсысының бал қылықтарын, есімдерін жатқа біледі.  Бертін келгенге дейін ауылдағы той-томалақтардың көркі де болған бір өзі, халық әндерін әуелете шырқап, би билеп ортаның гүлі болып отырғаны да өнерпаздығынан, жан жақтылығынан хабар берсе керек.

Жаңыл Әуелбайқызының тағы бір қасиеті ерекше қонақжайлылығы, ауылдың тұсынан өтіп бара жатқан жолаушы да, ауылдастары да оның дәмі тіл үйіретін көжесінен дәт тапай кетпейді екен. Сол көже пісіру әдетін әлі күнге тастамапты. Бүгінде де ауылдың шетінде тұратын үйінен көже ішуге бас сұғатындар әлі сиремепті.

Біз көпті көрген кейуанамен әңгімелесіп отырғанда Оралдан жиені  Сырым мен келіні Үміт, кішкентай жиеншарлары үлкен кісіге көрісе келіп жатты. «Әжелеп» жан-жағынан қаумалаған кішкентайларға қарап әжейдің жүзі нұрланып отыр.

«Біз осы бала деп өмір сүрген халықпыз. Өткенімізде көптеген қиыншылық болды. Өзіммен бірге өмірге келген төрт ағайыным да, балаларымның да жанымда екендігі көңілімді тоғайтады. Солардың амандығын тілеймін. Міне, көктем де келіп жатыр, оған ілесіп Наурызымыз да табалдырық алдында тұр. Тек елімізде тыныштық, бейбітшілік болса екен. Жастарымыз еңбекқор, білімді де табанды болса. Еңбекпен тапқан нан тәтті демекші, тек адал жүріп, абыройлы болсын», - деген 85 жастағы әже тілегінен соң амандық тілеп біз де қоштастық.

                                                                                                            Гүлшат Ботанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале