Дана халқымыз «Адамның бақыты – балада» деп бекер айтпаған. Өйткені қазақ тоғыз ай құрсақта жатқан сәбиді шілдеханамен қарсы алып, тал бесікте тербеткен. Бесік жырымен әлдилеп, алақанға салып аялаған. Тәрбиесіне жауапты қарап, бойына жақсы қасиеттер сіңіруге тырысқан. Солай болған, болуы да керек. Бірақ қазіргі таңда бала тәрбиесі үлкен мәселеге айналып отыр. Әсіресе, мектеп жасындағы, яғни кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың жиі кездесуі – осының дәлелі.
Оған себеп кейбір ата-аналар баласының қажеттілігін қанағаттандыру үшін ғана жағдай жасауға тырысады. Ата-ананың мұндай қадамы баланың бойында масылдықты, жатыпішер арамтамақтықты қалыптастырады. Енді бір ата-ана баланы киімге құмар қылып өсірсе, ал үшінші aтаана баласының алдында қалай ұрлыққа барғанын немесе қоғам мүлкін қандай жолмен жымқыру керектігін, бір сөзбен айтқанда, істеген істерін «жайып» салады. Мұндай әрекеттер ата-ананың ұл-қызы алдында беделінің жоғалуына, баланың ойында құқықбұзушылық әрекет туындатуға әкелуі мүмкін. Кәмелетке толмағандар қылмысына себеп болатын тағы бір жағдай – қоршаған ортасы. Мұнда, әсіресе, бейресми ортаның әсері көп. Мектептен тыс уақытта көптеген оқушы ата-анасының қарауынсыз болғандықтан, бақылаусыз өмір кешеді.
Бұндай баланың мектептегі сабаққа бармауы, немқұрайлылығы осы бақылаусыздықтан шығады десек, артық айтқандық емес. Соның салдарынан олар өздері тұратын жердегі кіші топтарға бірігеді, ал ол топтардың қaндай іспен айналысатыны белгілі. Одан бөлек атa-аналардың басым көпшілігі сабақтан бос уақытта баласының немен шұғылданып жүргенін, достарының кім екенін, олардың қандай пайдалы іспен айналысатынын білуге ниет етпейді. Осыдан барып бала атаана бақылауынан тыс қалғанына сенімі артып, теріс қылыққа оңай қадам жасайды. Осындай балалармен Тасқала ауданы әкімдігі жанынан құрылған кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия айналысады. Оған аудан әкімінің орынбасары Саягүл Ғалиева төрағалық етеді.
Комиссия ережесіне сәйкес құрамға жергілікті атқарушы органдар, мәслихат депутаттары, денсаулық сақтау саласы, құқық қорғау органдары және енгізілген.
Саягүл Мәулетқызының айтуынша, жыл басынан бері тоғыз рет комиссия отырысы өткізіліп, 31 сұрақ қаралған. Оның ішінде кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықпен күресу, теріс қылықтың өсуіне жол бермеу, білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін арттыру, аймақтағы кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылық және қылмыс, қадағалаусыздық пен панасыздықтың алдын алу шаралары, сондай-ақ қолайсыз отбасыларды анықтап, оларға тәлімгерлік тағайындау туралы мәселелер бар. Жалпы, бүгінгі оқушы – мемлекетіміздің ертеңгі үлкен азаматы, кәсіп иесі.
Сондықтан бала тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарап, жас ұрпақты назардан тыс қалдырмаған жөн. Ата-анасы қасында болса да, қадір-қасиетіне жете алмай, ұлдарымыз маскүнемдік пен нашақорлыққа бой алдырып, қыздарымыз шылым шегіп, жеңіл жүріске түсуі – отбасындағы тәрбиенің дұрыс жолға қойылмауының айғағы. Шариғатта да алтын ұя – отбасы жоғары бағаланып, бала тәрбиесіне үлкен мән берген. Өйткені бала – ата-ана қолына берілген аяулы аманат. Ал кәмелетке толмағандардың өмір тәжірибесінің жеткіліксіздігі олардың көбінде батылдық, достық туралы бұрмаланған, қате ой қалыптастырады. Кәмелет жасқа толмағандардың көбі батылдықты ештеңеден қорықпау қабілеті деп, қауіпті істерге бару деп түсінеді. Шешімділікті олар ойланбай, пікірге салмай әрекет ету деп біледі. Тәуелсіз болу деген олардың ойынша – ешкімнен ақыл сұрамай, ойланбастан барлығын өзі шешу. Сол себептен де төбелес пен кейбір құқықбұзушылыққа бой алдырып жатады.
Мақала жазу барысында Тасқала аудандық полиция бөлімінің ЖПҚб ЮПт КТІЖ аға УПИ, полиция капитаны Эльдар Тапаловқа жолықтық.
– Бүгінгі таңда бізде бес қолайсыз отбасы есепте тұр. Оның ішінде 10 бала бар. Айына бір рет барып тексеріп, жағдайын біліп тұрамыз. Әзірге бәрі қалыпты. Тек былтыр бір жасөспірім ұрлық жасағаны үшін есепке алынды. Негізі, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатымен мектептерде болып, оқушылармен кездесіп, түсінік жұмысын жүргізіп тұрамыз. Оқу жылы да аяқталып, балалар жазғы демалысқа шықты. Сондықтан ата-аналар түнгі уақытта балаларына үлкен жауапкершілікпен қарап, белгіленген уақыттан кейін көшеде жалғыз жүрмеуін бақылауда ұстағаны жөн, - дейді Эльдар Батырұлы.
Жалпы, тәртіп бұзуға бейім немесе қылмыс жасап, ішкі істер бөлімінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шыққан деп айтуға болмайды. Себебі кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз бетінше қалдырып, мектептен тыс бос уақытында немен шұғылданып жүргенін қадағаламауынан орын алып жататыны белгілі. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп атабабамыз айтқандай, әрбір ата-ана баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді.
Егер жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында көмек керек болса, аудан әкімдігі жанынан құрылған кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі аудандық комиссияға жолығып, көкейіңізде жүрген сұрағыңызға жауап алып, ой-пікір бөлісуге болады.
Назгүл Серікқызы
zhaikpress.kz