17.03.2022, 13:20
Оқылды: 504

Бала тәрбиесі – басты міндет

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп Әл-Фараби айтқандай қоғамда бала тәрбиесінің мәні өте зор. Қай ғасырда болмасын тәрбие мәселесі маңыздылығын жоймаған. Ата-бабамыз өз ұрпақтарын бір ғана қабақпен жөнге салып отырғаны белгілі. Қазіргі уақыт тығыз заманда бала тәрбиесіне жөнді көңіл бөлмей жүргендейміз. Табиғаттың заңы болып табылатын, адамзаттың міндеттерінің бірі – дүниеге ұрпақ әкеліп, артына із қалдыру.

15

Фотосурет: bugin.kz

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген нақылдың астарында қаншама мән-мағына жатыр десеңізші. Бала – ата-анасының айнасы. Ата-аналардың үйдегі іс-әрекеті балалардың көз алдында өтеді. Сондықтан да жақсы да, жаман да ісіміздің бала тәрбиесіне ықпалы зор. Мәселен, сіз қанша жерден балаға сөзбен жақсы тәрбие беруге тырысып, ісіңізбен мүлдем басқа әрекет көрсетсеңіз ол сіздің сөзіңізді тыңдамай, жасаған әрекетіңізді қайталайды. Баламыз парасатты болсын десек бірінші өзімізді тәрбиелеген жөн. Біздің күнделікті жүріс-тұрысымыз, мінез-құлқымыз да балаға әсер етеді. «Тәрбие – тал бесіктен басталады» демекші, тәрбиені балаңыздың жаман қылығын көргеннен кейін емес, жаңа туған сәтінен бастап берген абзал. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Кей жағдайларда әкенің тарапынан балаға қажетті деңгейде көңіл бөлінбей жатады. Жұмыстың көптігін желеу етіп, отбасының жай-күйіне алаңдамай, әйелге ысыра салатын ер азаматтар да бар. Бала тәрбиесі ешқашан салғырт қарауды көтермейтін, аса бір күрделі де маңызды іс. Ұрпақ тәрбиесіне бейжай қарағанымыз келер болашаққа салғырт қарағанмен тең. Өйткені біздің ұрпағымыз – ол біздің болашағымыз, ізіміздің жалғаушысы. Баласына тағылымды тәрбие беріп, барлық жақсылықты бойына ұялатып өсіру әрбір ата-ананың парызы. Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, бүгінгі қыз – ертеңгі ана. Ұл әкеге, қыз шешеге қарап өседі. Ұл мен қыз тәлімді тәрбие мен рухани құндылықтарды ең алғашқы мектебі отбасынан алады. «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген нақыл текке айтылмаса керек. Ұлт болашағы үшін ұрпақ тәрбиесінің маңызы ұшан теңіз. Осы бағытта психолог маманға «бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі қандай» деген сауалмен тілдескен болатынбыз.

Маман кеңесі

- Әрбір ата-ана перзентінің саналы, иманды, ибалы болып жетілуін қалайды. Ата-ана баласының жақсы азамат болып өсуі үшін отбасында балаларын тәрбиелеудің негізгі заңдылықтарын білуі тиіс. Сыйластығы, түсіністігі, жауапкершілігі мол отбасында тәрбиеленген бала әрине, сол тағылымды тәрбиені бойға сіңіріп өсуі заңды. Жалпы отбасындағы тәрбиенің балаға әсері мол екені бәрімізге мәлім. Бала әрқашанда ата-анадан мейірімділікті, сүйіспеншілікті, жүрек жылуын қажет етіп, ата-ананы өмірдің тірегі деп санайды. Ата-ана әрқашан дұрыс жүріп, дұрыс сөйлеуге, баланың алдында өз абыройын берік ұстауға әрдайым міндетті. Мұндай жанұяда тәрбиеленген бала қайырымды, еңбексүйгіш, рухани құндылыққа бай болып өседі. Ата-ананың қателіктерінің ең ауыры – өз баласын өзге балалармен үнемі салыстыру, сенімсіздік таныту. Иә, қателіксіз адам болмайды. Алайда, бала тәрбиесінде жіберген қателіктерімізді дер кезінде дұрыстап, қайталамауға тырыссақ саналы ұрпақ тәрбиелей аламыз. Баламен үнемі сырласып, жасаған ісіне дұрыс баға беріп, жеткен жетістігіне бірге қуанып, қателіктерін бетіне баса бермей, түсіністік танытсақ келер ұрпаққа тәлімді тәрбие бергеніміз, - деді психолог маман Жансұлу Ғалымжанқызы.

Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы алтын ұясы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне отбасы мен өскен ортасының тигізетін әсері мол. Бала тәрбиесінің ең алғашқы ірге тасын қалаушы – ата-ана, содан кейін мектеп, одан әрі араласатын ортасы. Баланың араласатын ортасы жақсы адамдардан шоғырланғанын қаласаңыз кішкентайынан тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлген жөн. Баланың жан-дүниесіне терең үңіліп, оны қолпаштап, қолдап, әр сөзін ықылас қоя тыңдап, әр сұрағына жауап беріп отырсаңыз оның да қайтарымы жақсы болады.  Баланың сырын да, мұңын да, шаттығын да ата-анасынан артық ешкім біле бермейді. Егеменді еліміздің ұрпақтарын ата-баба жолымен тәрбиелесек құба-құп болар еді.

Бала тәрбиесінде мектептің де атқарар рөлі зор. Бала тағылымды тәрбиені отбасыдан кейін мектепте алатыны белгілі. Мектеп – балаға білім беріп қана қоймай, сонымен қатар тәрбие беретін ошақ. Осы ошақтың отын сөндірмеуге тырысып-ақ жүрген мұғалімдеріміз аз емес. Ұлағатты ұлт болашағының дамуына ата-анамен бірге мектеп те жұмыстанады. Бала алғаш әріптерді осы мектепте үйреніп, біледі. Ал тағылымды тәрбие мен қатар берілген білім ұрпақ сабақтастығының берік болуына ықпал етеді. Ата-ана мен мектеп тікелей байланыс жасап, тығыз қарым-қатынасты реттеп отырса  тәрбие процесінің мәселесі шешілмек. Мектептің ата-анамен жүргізетін жұмысының осы екі жақтың байланысы мен әрекет бірлігінің тұрақтылығынан көрінеді. Бұл тұрақтылықты ең алдымен сынып – жетекшісі қамтамасыз етеді. Дегенмен, ата-ана баланың тәрбиесін жалғыз мектепке немесе сынып жетекшісіне ысырып қоймағаны абзал. Түйіні шешілмеген мәселелерді шешуде мұғалімдер мен ата-аналар ынтымақтастық қарым-қатынасын нығайтқанда ғана парасатты ұрпақ тәрбиелеуге болады. Сондықтан да ата-аналар балаларды тәрбиелеу ісінде мектеппен қарым-қатынас, тікелей байланыс жасауды басты міндетіміз деп есептеуі тиіс. Сынып жетекшісінің ата-аналармен қоян-қолтық жұмыс істеуі мақсатты түрде өте ұзақ мерзімді қажет ететін процесс. Бұл процестегі ең негізгі мақсат – баланың дұрыс тәрбиеленуі екенін ұмытпаған жөн. Ұлтымыздың болашағы жарқын болсын десеңіз ұрпақ тәрбиесін бүгіннен қолға алған абзал. Сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу өз қолымызда.

Осы орайда ағылшын тілі пәні мұғалімі қазіргі таңда 3 баланың анасының пікірін білген болатынбыз.

«Бала тәрбиеіне бейжай қарамайық»

- «Баланы жақсы көрсең аяма» деген бабалар сөзі бар. Баланы осы қағидамен тәрбиелесек парасатты ұрпақ болып өсері сөзсіз. Жауапкершілік кілтінің бір жартысын ата-ана ұстаса, екінші жартысын мектеп ұстайды. Баланың бос уақытын текке өткізбей, өнегелі іспен айналысуына ата-ана мен мектеп ұжымдасып атсалысса нұр үстіне нұр болар еді. Отбасынан өнегелі тәрбие алып, мектептен терең білім алған ұрпақ болашақта ұлт сабақтастығы тамырының берік болуына әрекет жасамақ. Тәрбие мәселесіне тек мектеп пен ата-ана ғана емес қоғам болып атсалысқан жөн. Сонда ғана білімді де саналы, намысын нанға сатпайтын ұрпақ өсіре аламыз, - дейді Айгүл Зинелова.

Түйін

Егеменді еліміздің ұлдары мен қыздарының жан-жақты дамыған, өзіндік пікірі бар, елін, ата-анасын, ұстазын құрметтейтін өнегелі азамат болуына бірге ықпал етейік. Ұлт болашағы сіз бен біздің қолымызда. Егеменді еліміздің ертеңі бұлыңғыр болмауы бүгінгі ұрпақтың тәрбиесіне байланысты екенін естен шығармайық...

Райхан Амантайқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале