Тасқала ауданының әкімі Санжар Әлиев Мерей ауылдық округі тұрғындарымен кездесті.
Ауылдық округ әкімі Қазихан Ташимов өткен жылғы жұмысын қорытындылай келе күн тәртібінен түспей келе жатқан И.Тайманов көшесін асфальттау, Мерей мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу, тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру және Тоғайлы, Мерей ауылдарына «Ақбұлақ» бағдарламасымен әрбір үйге таза ауыз су тарту мәселесі бойынша жұмыстанатынын жеткізді. Өз кезегінде аудан әкімі Санжар Жұматайұлы «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 153 млн. теңге қаржы және спорт алаңын салу үшін 8 млн. теңге бөлінетінін мәлімдеп, ауыл тұрғындарын бір қуантып тастады.
«Айгөлек» балабақша меңгерушісі А.Демисинова жылуды мектептен алып отырғананын және қатты аязды күндері балабақшаға жылудың жетіспейтінін айтты. Осы мәселені шешу үшін дербес қазандық ошағын орнатуды сұрады.
Ауыл тұрғындары жергілікті дәріханада керекті дәрі-дәрмектердің жоқтығын, жедел жәрдем көлігінің қажеттігі секілді мәселелерді көтерді. Сонымен қатар ауыл фельдшері жұмысына шағымданды. Ал аудан басшысы көтерілген мәселерге тиісті жауап қайтарып, ауыл әкімі мен аудандық орталықтандырылған аурухана директоры Г.Кенжешеваға осы мәселелер бойынша тиісті шаралар қолдануды тапсырды.
М.ӘЖІҒАЛИЕВ
Тасқала ауданы