Біздің ертеңіміз болар жас ұрпаққа қалыпты жағдай жасау, балғын бала күндерін қуанышты сәттерге толтыру – аға буынның міндеті. Қазіргі таңда осы бағытта аудан-ауыл аймағында талапқа сай келетін спорт және ойын алаңдары көптеп ашылуда. Қайсыбір жерлерде ауыл тұрғындары мен мәрт азаматтар демеушілік жасап та жатыр. Мұндай игі істерге разы болмасқа шара жоқ.
Міне, бүгінде жаңа бір игі істің тұсауы кесілді. Шыңғырлау ауданының 90 жылдық торқалы тойы қарсаңында С.Есқалиев көшесінің бойында балақайларға арналған ойын алаңының ашылу рәсімі өткізілді.
Шараға келген жұртшылықты әдемі түстерге боялған әткеншектер мен сырғанақтар, басқа да ойын құралдары еріксіз тәнті етті. Әрі жүгіріп, бір-бірін қуалап ойнайтын балалардың қауіпсіздігі де ескерілген, яғни ойын алаңына резеңке төсеніштер де төселген. Түрлі-түсті қоршаумен қоршалып, мұқият жасалған алаңға қолтаңбасын қалдырып отырған шымкенттік «Ел мұраты» мүгедектер қоғамы қоғамдық бірлестігі.
Сенім үдесінен шығу үшін барынша жауапкершілік пен тиянақтылық танытқан қоғамдық бірлестіктің жұмысына оң бағасын берген аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев осындай игілікті ауыл жұртшылығы да, балалар да күтіп ұстар деген ойын жеткізді. Қуанышқа ортақтасып, игі тілегін жеткізген ауыл ақсақалы Сапарғали Ердібеков те көше балақайларын құттықтады.
Гүлшат Ибрагимқызы,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz