10.04.2024, 16:44
Оқылды: 41

Балалардың көңілдеріне көлеңке түспесін деп ...

Сырым ауданында тасқыннан зардап шеккен жанұялардан 32 бала лагерьге аттанды. Тасқын әкелген зардап бір күнде не бір айда жоғалмайды. Бүгінгі таңда қанша жанұя бөтеннің босағасында жүр. Ақыл тоқтатқан адамдар апаттың табиғаттан келгенін түйсінеді, жағдайға сабырмен қарайды. Сындарлы сәтте балалардың мазасын қашырмай, көңілдеріне көлеңке түсірмеу – басты парыз.

Оқушылар

Сырым ауданы бойынша негізінен Жымпиты, Өлеңті және Бұлдырты ауылдарындағы бірқатар үй суға кетті. Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының қолдауымен Сырым аудандық білім беру бөліміне қарасты Ж. Досмұхамедов атындағы мектеп – балабақша – бөбекжай кешенінде, Бұлдырты орта мектебі мен Қ. Мырзалиев атындағы орта мектебінде оқып жүрген су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың балалары Алматы қаласына демалысқа аттанды.

Барлығы 32 бала Алатау баурайына демалысқа жіберілді. Нақтырақ айтсақ,  25 оқушы Алматы қаласында орналасқан «Тау жанашыры» лагеріне, 7 жеткіншек «Бөбек» лагеріне кетті. Олар айдың аяғына дейін көрікті табиғаттың аясында тынығып әрі мектеп бағдарламасы аясында білім алады. Барлық баланың жолақы шығындарын демеушілер көтерді.

Жомарттарға бек ризамыз! Балаға жасаған жақсылық – болашаққа жасалған қолдау! – дейді Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Досжан Тайшиев.

Айта кетейік, Ж. Досмұхамедов атындағы мектебінің оқушыларына «Өлеңті» қайырымдылық қоры, Қ. Мырзалиев атындағы мектептегі балаларға Досымбек Өтеғалиев, Кемелбек Ойшыбаев секілді ел азаматтары демеушілік етті. Ал, Бұлдырты орта мектеп оқушыларына жеке кәсіпкер Б. Сүлейменов және 1963-1964 жылы дүниеге келген Бұлдырты ауылының азаматтары қолдау көрсетті.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале