Мектеп – адам өміріндегі аса маңызды тәрбие мен парасат мекені. Он бір жыл бойы алған білім өмір бойына азық болатын осы бір білім ордасындағы өмірді оқушының пайдалы әрі қызықты өткізуі маңызды. Оған бірінші кезекте ұстаздар, одан кейін ата-ана оң үлес қоса алады. Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері Альфия Бахтиярова ең белсенді ата-аналардың бірі.
Балаларының балалық шағы бақытты да баянды өтуі үшін барын салатын ана мектептегі тынымсыз тірліктен тыс қалмайды. Сыныптағы ата-аналар комитетінің мүшесі қызы Дильназ бен оның сыныптастарының білім ордасындағы білім алуға деген құштарлығын арттыру үшін барын салады. Ақсай қаласындағы №4 мектептің 7 «Ә» сыныбы белсенділігімен беделді. Ал сол жетістіктердің артында ұстаздың еселі еңбегі, оқушылардың талабы мен ата-аналардың қолдауы жатыр.
− Қызым Дильназ мектепті де, шығармашылықты да жақсы көреді. Білім алуда оқу озаты болса, шығармашылығында «Назерке» үлгілі би тобының мүшесі және домбыраға да әуестігі бар. Міне, осы қызымыздың ниет-тілегін орындау үшін барымызды саламыз. Жолдасым Асан да қолдау көрсетіп, барлық бастамамыздың басы-қасында жүреді. Жалпы сыныптың ұйымшылдығы жоғары деңгейде. Сол себептен оқу жылы кезінде болатын түрлі шара, тәрбие сағаттарына ата-аналар бірауыздан қолдау көрсетіп, көмегімізді береміз. Балалардың демалыстарын да тиімді өткізу мақсатында сыныптық демалыстар ұйымдастырып, өзге қалаларға, шетелдерге саяхаттаймыз. Бұл оқушылар арасындағы достықты, ұстаз бен ата-ана арасындағы бірлікті нығайтатыны сөзсіз, − дейді бүгінде 7 «Ә» сыныбының екінші жетекшісі атанып кеткен кейіпкеріміз.
Жалпы Альфия Болатқызы бала тәрбиесінде асқан жылылықты, мейірімді қолдайтын жан. Отбасының үлкен ұлы Диас та мектеп өмірінде белсенділігімен есте қалған. Отбасыдағы тәлім-тәрбиенің, мектептегі құнды білімнің нәтижесінде бүгінгі таңда Чехияның Злин қаласында орналасқан Томаш Бати университетінде білім алуда. Ал Дильназ болса алдыңдағы жолсілтер ағасының ізінен еріп, ақылдылығымен көзге түсіп жүр.
Өз сөзінде аяулы ана 7 «Ә» сыныптың 24 оқушысын түгелдей жақсы көретінін және балалардың да оған деген сыйластығын сезінетінін жеткізді.
- Бүгінгі балаларымыздың келешекте мектепті тек жақсы оқиғалармен еске алуын қалаймын. Өзге ата-аналар да солай. Сондықтан болар кез келген іс-шара, сынып сағаты болса алып-ұшып тұрамыз. Қолдауды сезінген оқушылар мен сынып жетекшіміз Ақгүл Қайырқызы да үлкен шабытпен іске кіріседі, − дейді ол.
7 «Ә» сыныбының жетекшісі Ақгүл Қайырова кейіпкерімізді «сыныптың үшінші анасы» атап кеткен. Қолдауы мен көмегін аямайтын Альфия Болатқызына ұстаздың айтар алғысы да шексіз.
− Альфия Болатқызы − аса жоғары жауапкершіліктің иесі, жүрегі махабатқа толы қарапайым да кішіпейілділік қасиеттерімен ерекшеленетін мейірімді жан. Оның барлық адамға деген сыйластығы, жанашырлығы беделін одан сайын асқақтатады. Ізденімпаздығы мен жауапкершілігі де адамдығын айқындай түседі. Бар жақсыны балаларға беруге жүрегі бұрып тұратын, сынып десе алып-ұшатын анаға алғыстан өзге айтарымыз жоқ. Мұндай ата-аналар шәкірттерімнің де, менің де шабытымды еселейтіні сөзсіз, − дейді 7 «Ә» сыныбының жетекшісі А.Қайырқызы.
Мектептің мейірімді анасы отбасылық өмірде де көрегенділік көкжиегіне қадам басқанды жөн көреді. Өмірлік жары Асанмен «Бахтияровтар» әулетінің бір шаңырағының түтінін түтетіп отырған жандар. Ал сол отбасыда ата-ана ретінде балаларға ұлттық құндылықтарға сай тәрбие беруді қош көреді.
- Әр қазақтың жүрегінде қанға сінген имандылық, жылылық пен жақындық қасиет бар. Қолда барын аямай, қолдаудан тартынбай, ақылдан аттамайтын қазақ бұл үрдістен айрылмаса дейміз. Сол үшін отағасы екеуміз тәрбиеге аса мән береміз. Балалардың құлағына ұлттық салт-дәстүр, ырым-тыйым жайлы ұдайы құйып отырамыз. Құр сөзбен құтылмай, үлгі болу мақсатында іспен дәлелдеуге тырысамыз. Себебі нағыз қазақы тәрбие көрген адамның «жаман» болмасына сенеміз, − дейді Альфия Болатқызы.
- Барша ақ жаулықты анамыз бен аруларымызға көктемдей құлпырған ғұмыр мен бақытты өмір, мол денсаулық пен отбасы берекесін тілеймін. 7 «Ә» сыныбының ұстазы Ақгүл Қайырқызы мен аналарға да қажымас қайрат, әйел бақытын тілеп, шын жүректен құттықтаймын, − деді Альфия Бахтиярова.
Расында бала үшін ата-ананың қолдауынан асқан бақыт жоқ. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз жақсылық бастамашысы, қолдаушысы болуымен ерекше.
Аслан Жайқонысұлы,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz