Үй көрместен доп қуып, топырақтан үй соғып, көрші балалармен асыр салатын соңғы ұрпақ біз шығармыз. Біз дегенміз – газет оқитын оқырман қауым. Әйтпесе күндіз-түні телефонға телмірген іні-қарындастарымыз газет түгілі өз пәндерін жарытып оқиды дегенге сену – қиын. Анамыз желкемізден жеті түйіп, әкеміз жетектеп әкелмейінше, үйдің есігінен сығалап та қарамайтын едік-ау, шіркін. Асқазан шұрылдағанда ғана нанға май жағып алып шығу үшін кіретінбіз. Кейін оны достарымызбен бөлісіп жеп, ең бақытты балалық шақты бастан өткердік. Сол тәтті сәттер еске түскенде еріксіз сағынасың. Сағынып отырып, гаджетке жіпсіз байланған бауырларыңды көріп, бас шайқайсың.
Фото: www.istockphoto.com
Баланы далаға шығарып, ойын алаңдарына апарудан түк шықпайды. Есіл-дерті телефон болған олар ашуланып, болмашы нәрсеге шамданып, бұлқан-талқан боп шыға келеді. Сосын өзіңнің де жүйкең жұқарып, үйге кіргізуге асығасың. Осы жерде қызықтың көкесі болады. Жаңа ғана айтқанға көнбей, айқай салып жатқан кішкентайдың көңілі бірден көтеріліп, қуаттағышта тұрған «сенімді серігіне» ұмтылады. Ал енді қайтер екен деген оймен зер сала қарайсың. Өз-өздерімен күледі, күліп отырып, қабақ түйеді, бет-ауызын жыбырлатып, жер-дүние қолында тұрғандай ишара білдіреді. Әрине ешкім өз баласын яки іні-қарындасын жаманатқа қимасы – анық. Дегенмен бұл сырт көзге кәдімгі ақыл-есі жоқ, жындыдай көрінеді. Біз баяғы мұны мойындағымыз келмес. «Бала ғой, уақыт өте қояды» деп, шаң жуытпауымыз мүмкін. Десе де, осы бір көріністі "ғасыр қасіреті" деуге болады. Өйткені қазірден бастап, ой-санасы уланған бүлдіршіннің ертең зиятты тұлға болып, елге пайдасы тиетін азамат атанарына сенімге қарағанда, күмән басым. Қарайтыны болашақта қадеге асатын контенттер болса, бір сәрі. Оқуға тікелей қатысты, өзін дамытатын бағдарламалар болса, тіпті қуанасың. Өкінішке қарай, бәрі біз ойлағандай емес. Алпамыс батыр жырындағы:
Ұстай алмай еш бірін,
Ер Алпамыс жылады,
Қайғымен көзін бұлады,- деген жолдар бүгінде:
Таба алмастан телефон,
Ерке бала жылады,
Анасын таптап өтті де,
Сол бәлені сұрады,- деп өзгерді.
Баласының болашағына салғырт қарай алмайтын бірді-екілі ата-анаға аян, Қазақстанда мектеп әкімшілігі қандай ойындардың балалар үшін қауіпті екенін айтып, ата-аналарға одан сақтанудың жолын көрсетті. Бұл мән-мағынасы әке-шешеге таңсық, мобильді қосымшаларда жасырылған шағын ойындар болуы әбден мүмкін. Telegram жәнеTikTok әлеуметтік желілерінен «Бізбен ойна!» деген шақыртулар келуі ықтимал. Мұндай үндеулерді Ozon-да сатылатын кітаптардан да табуға болады. Ең қауіптілеріне тоқталсақ, «Тихий дом», «Разбуди меня в 4:20», «Море китов», «Синий кит», «Красный дельфин», «Млечный путь», «U19», «F57», «SchoolBoyRunaWay – Stealth» деген атының өзі зәре-құтыңды алатын тапсырмалар. Осыдан бір жыл бұрын әлеуметтік желіде елімізде көлік астына жүгірген оқушылардың бейнежазбасы тарап, жұртшылықтың жағасын ұстатқан еді. Деректерге сүйенсек, бұл – балалар арасында тараған жаңа қауіпті ойын. Қоғам бір кездері «Көк кит» деген атаудан үрейленсе, қазір өлімге итермелейтін мұндай ойындардың түр-түрі тарап жатыр. Психологтардың айтуынша, балалардың өздері білмейтін қауіпті ойындарға қызығушылығы «қаһармандық» сезімінен туындайды. Өзіміз жүрген жолға қайта оралсақ, бұрын ұлдар жағы атаман (топтың басшысы) болуға тырысатын. Осы тектес сезім қазіргі оқушыларда да жоқ емес. Тек бір өзгешелігі - олар біреудің істегенін қайталау арқылы ерлік көрсеткісі келеді. Тағы бір басты себеп бар. Ол – ата-ана назарының жетіспеуі. Балалардың көпшілігі оларды өзіне қарату үшін түрлі қитұрқы әрекетке барады. Ал жақындарының назарын бұра алмаған жағдайда басқа ортаны іздеп, солардың көңілінен шығуға тырысады. Аталмыш пікірге саятын тұжырым жасаған психологтар дөп басып анықтап, кедергіден шығу жолын нақы көрсете алған жоқ. Сондай-ақ жауапкершіліктің бәрін ата-анаға артып қоя салатын заманда емеспіз. Сол үшін мектеп басшылығы қауіп-қатердің алдын алып, балалармен жиі сөйлесіп, олардың қандай ойын ойнайтынын бақылауға алуға тиіс. Осы орайда бала тәрбиесін, әдебі мен телефон қарау тәртібіне қатысты бірнеше пайдалы кеңесті ұсынуды жөн көрдік.
Әуелі контентті бақылауға алу керек. Балаңыз ойнайтын ойынды үнемі тексеріп отырған дұрыс және баланың жасына сай келетінін анықтау үшін рейнтингін қарап, шолу жасауды да ұмытпаңыз! Екінші ескерер жайт, ереже орнатыңыз. Балаңызбен қандай ойындарға рұқсат етілетінін, қайсысын ойнауға болмайтынын пікір алаңына салыңыз. Кез келген ойын түріне шектен тыс қызығушылығы артпас үшін уақыт шектеуін қоюды басты назарға алыңыз! Үшінші, сыни ойлауды қалыптастыру көп келеңсіздіктің ушығуына жол бермейді. Баланы ойын мазмұнын талдауға баулу қажет. Телефондағының бәрі шынайы өмірде бола бермейтінін және оны күнделікті өмірге қолдану өте қауіпті екенін егжей-тегжейлі баяндап беріңіз! Төртінші, егер балаға уақыт бөлгіңіз келіп, ол смартфоннан көз алмаса, бірге ойнаңыз. Бұл олардың қандай ойын ойнайтынын жақсы түсінуге айтарлықтай көмектеседі. Әлденеден күдіктенсеңіз бірден мінез-құлқына мән беріңіз. Егер ойыннан соң ол ашушаң әрі тұйық бола бастаса, ойнап жүрген ойындарын лезде жойыңыз. Өзге балалардың ата-анасымен пікір алмасу керек. Олармен жиі байланыс орнатып, талқылап, тәжірибе бөлісу көптік етпейді. Олар қандай ойындарды қауіпсіз деп санайды? Міне, осыған көз жеткізіңіз!
Мақалаға өзек болған тақырып хақында теректілік ата-аналардың ойын сұрағымыз келген. Онымыз жүзеге аспай, көбі пікір беруден бас тартты. Тек аты-жөнін көрсетпеуді өтінген ханым:
-Қазір баланың тәрбиесіне уақыт жетпейді. Өзіміз жұмыстан келе сала балаларымыздың тамағын беріп, төсекке құлай кетеміз. Келесі күні де осы күйбең тіршілік қайталанады. Расы керек, мектеп жасындағы қызым туралы толық білемін деп айта алмаймын. Сабағын да өзі оқиды. Үздік болмаса да, қатарынан қалған емес. Мұғалімдерінен шағым да жоқ. Менің ойымша, телефонсыз өте қиын. Тәрбие берудің негізі сол екен деп, күштеп тартып алу жағдайды одан сайын күрделендіре түседі ғой,- деді.
Мектептегі кибербуллинг мәселесі де осы телефоннан шығыпотыр. Хат жазып, бір-бірін кемсіту, түрлі суреттер жіберіп, боқтық сөздермен ар-намысқа тию буыны қатаймаған, ақылы толыспаған баланы әрі-сәрі күйге түсіреді. Заман талабына талап қойып, тізгінді тартпасақ, бармақ тістеп қаламыз. Қысқасы, біз қауіп еткеннен айтамыз!
Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz