Жаңақала ауданы орталығындағы «Балбөбек» бөбекжайының ашылғанына 10 жыл толуына орай «Балалардың бал мекені - Балбөбекке 10 жыл» атты мерекелік шара өтті.
Шарада Жаңақала аудандық мәслихат хатшысы Закария Сисенғали, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рухолла Саматов, Жаңақала ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Эдуард Меңдәлі, аудандық бөбекжай меңгерушісі Клара Елтайқызы, аудандық балалар бақшасының директоры Бегайым Төреғалиқызы, 2009-2010, 2010-2012 жылдар аралығында балабақшаның меңгерушілері болған Гүлшат Қанатқалиқызы және Лариса Диярова, зейнеткер ұстаз Әсет Жұбанышқызы, Шолпан Кәрімқызына, аудандық кәсіподақ төрағасы Жастілек Яхияұлы сынды шақырулы қонақтар ізгі тілектерін айтты. Олар бала жанының бағбаны тәрбиешілердің еңбегі зор екенін айта келіп, Фарида Файзрахманқызы басқаратын ұжымға толағай табыс, шалқар шабыт, отбасыларына амандық тіледі.
Тәрбиешілер мен тәрбиеленуші балдырғандар тамаша өлеңдер оқып, мың бұрала билесе, әуезді ән салып, жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйлады.
Мерекелік шарада бірқатар тәрбиеші аудан әкімінің, аудандық білім беру бөлімі басшысының алғыс хатымен марапатталды.
Кеш соңында бөбекжай меңгерушісі Фарида Файзрахманқызы келген қадірлі қонақтарға, ұйымшыл ұжымына шын жүректен алғыс білдірді.
Алтынбек Ермекқалиев
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер