Бүгін облыстық халық шығармашылығы орталығында “Балдәурен” балалар шығармашылығы фестивалі өтті.
Әртүрлі бағыттан ауданымыздан аттанған қатысушылар өнер мен шабыттың тоғысқан тұсында құр алақан қайтпады. Жаңақалалық жас өрендер жүзден оза шауып, қоржынымызды жүлдемен толтырды. “Сәндік қолданбалы өнер бағамы” бойынша Ақерке Орынғали (жетекшісі Бесбаева Гүлсара) мен “Эстрадалық вокал” номинациясы бойынша Меруерт Тұрарбек (жетекшісі Айгүл Есқалиева) І орынның иегері атанды.
“Көркемсөз” жанры бойынша Ақбаян Ғилымхан (жетекшісі Салтанат Қарекенова) ІІ орынның биігінен көрінді. “Жыр айту” жанры бойынша дипломант атағын алған Айымгүл Аманжол да (жетекшісі Даулет Жұбанов) аудан атынан тұңғыш рет аталмыш жанр бойынша байқауға қатысушы.
“Сымбат” би ансамблі (жетекшісі Венера Каменова), “Халықтық музыка” бағыты бойынша Бекзат Сарсенбиев (жетекшісі Саадат Елеусінов) және “Домбырамен ән салу” номинациясы бойынша Бауыржан Қарасай (жетекшісі Бекқали Сағынғалиев) алғысхатпен марапатталды. Сондай-ақ, жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды.
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы