Жуырда ғана самбодан Әлем чемпионы атанған батысқазақстандық балуан Темірлан Көлбай туған жері Сырым ауданының Талдыбұлақ ауылына келді.
Темірланның спорттық мансабы жарқын жеңістерге толы. Әрине, омырауы ордадай жігіттің жанына жақыны – қазақ күресі. Алайда балуанға оң, солы бір дегендей, Темірлан жағаласу мен тартысудың қай түріне де шебер.
Ол самбодан және дзюдодан ересектер арасында ел чемпионаттарында бірнеше мәрте топ жарды. Самбодан Азияның үш дүркін чемпионы атанды. Самбоның сәл қатігездеу жауынгерлік түрінен Сауд Арабиясының Эр-Рияд каласында өткен бүкіл әлемдік ойындарда өзін мықты ретінде мойындатты.
Кеше ғана Сарыарқа төсіндегі әлем чемпионатында Темірлан Көлбаев +98 келі салмақ дәрежесі бойынша чемпион атанды. Бұл жеңіс – қазақ спортының тарихи жеңісі. Себебі, аса ауыр салмақ дәрежесінде дүниежүзінің алтынын алған дүр тек Темірлан болып тұр әзірге.
Алтын медалін мойынына асып, алп-алп басып Темірлан келді Талдыбұлағына. Көлбаевтардың атақонысы – осы жақтағы Аққұдық. Балуан баланың жанында қаптаған дос-жолдас, әрине әкесі Нұртас мырза мен ағалары Дәулетқали мен Шүйінішқали да бар екен.
Әлем чемпионының керуенін Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі Айдынғали Балғалиев бастаған ауылдастары ән-жырмен, шашумен күтіп алды. Көлбайдың жеңісінің құрметіне Талдыбұлақ орта мектебінің спорт залына кілем жайылып, 2012-2013 жылы туған жеткіншектер арасында дзюда күресінен жарыс жалау көтеріпті.
Меймандар спорттық доданың ашылу салтанатына қатысты. Оқушысы, мұғалімі бар Темірландай ұлды тұтас мектеп тік тұрып, күтіп алды.
Жарыстың ашылуына А.Шайхиев атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бауыржан Ихсанов сөз сөйледі.
Түсте «Көктөбе» мейрамханасында қонақтарға қонақасы берілді. Ел азаматы, кәсіпкер Кейпін Төлегенов чемпионға бір ат мінгізді. Тағы бір арғымақтың тізгінін әкесі Нұртастың құрдастары – Талдыбұлақтың 1974 жылы туған азаматтары ұстатты. Темірланның бапкері Қасым Қажымов та құрметтен кенде қалмады. Оған «Күшпен» шаруа қожалығы тұлпар сыйлады. Ал Талдыбұлақ ауылының ұйымшыл жастары замандастары Темірланға алтын медаліне көрімдік ретінде жарты миллион сыйақы берді.
Қадыр ақынның: «Ел дегенде ар қандай, намыс қандай!?» - дегеніндей, ауыл жігіттері ел дегенде, ауыл дегенде асау тасқынға да бұзылмайтын ауызбіршілік көрсетіпті.
– Қара терің құйылып бозкілемге,
Әлемнің алдың алтын, күмісін де!
Аққұдықта қалған бала, балдәуренін,
Әкең де көп ойлайды түн ішінде.
Балуан балаң Темірлан келді әлеумет,
Аққұдықтың суынан су ішуге! - деп ақын Бауыржан Ширмедин жырлағандай, Темірланның атакіндік жайлауына аунап-қунап, құдығына қауға салып, су ішуге, мейірін қандыруға келгені – оның алпамсадай денесінің ішінде алақандай жүрек барын білдірмей ме?! Жүрегі бар адамға сағыныш парыз!
Бауыржан Шерім
Сырым ауданы