«Еуразиялық банк» АҚ-ның Орал қаласындағы №13 филиалының директоры Закир Токушев пен орынбасары Ақылбек Омарғалиев Бәйтерек аудандық ауруханасына бір тыныс алу аппараты мен бірреттік киім табыстады.
- Өздеріңізге белгілі сарапшылар елде орын алып жатқан індеттің екінші кезеңі күзде деп болжауда. Осы ретте медициналық мекемелер бұл дертті ауыздықтауға дайын болуы керек. Анада ауру өршіген кезде кей ауруханаларда оттегі концентрадтары жетпегенін көрдік. Мынау біз алған аппараттың 10 литрлік құрылғысы бар. Онымен бір мезетте екі адам оттегі терапиясын ала алады. Жабдықтарды жеткізуді «Еуразиялық банктің» директорлар кеңесінің мүшесі, кәсіпкер Шухрат Ибрагимов ұйымдастырды. Ол 100-ден астам оттегі концентраттары мен жабдықтарын сатып алып, елдегі медициналық мекемелерге таратып, қолдау көрсетуде, - деді Закир Қанатұлы.
Ауданның бас дәрігері Тимур Мұсағалиевтің айтуынша, бүгінде коронавируспен науқастанушылар саны едәуір азайған. Әрі осындай демеушілік арқылы бұған дейін де ауруханаға 15 оттегі концентраторы мен бірреттік киім, бетперде, қолғаптар жеткізіліпті.
Тағы бір қуанарлығы 50 керуеттік провизорлық орталықта қалған екі науқас қазір жұқпалы аурулар бөліміне ауыстырылып, провизорлық бөлім жабылыпты. Айта кетелік, індет өршіген кезде аудандық ауруханада қала мен өзге де аудандардан келіп ем алғандар да болыпты.
Нұрлыбек Қыдырғалиұлы
Бәйтерек ауданы