27.04.2023, 15:46
Оқылды: 46

«Бәріміз бейбіт өмір сүрейік!»

Қазақстан ондаған жыл бойы көптеген ұлт пен ұлыстың Отаны болып келеді. Бүгінде түрлі ұлт өкілдері Қазақстанды өз жерім деп біліп, қазақ халқын туғанындай көреді. Осыған орай қазақстандықтардың басын біріктіретін бірден-бір мереке – Қазақстан халқының бірлігі күні атап өтіледі. Мереке қарсаңында Қазақстанды өз Отаны ретінде санайтын, ауданда статистика саласында 30 жылдай аянбай еткен Маргарита Юмашева жайлы жазуды жөн көрдік.

Маргарита Юмашева

Ол Ресей елінің Пенза облысы, Сердобск қаласында 1954 жылдың 28 мамыры күні дүниеге келген. 1957 жылы анасының жұмысы ауысуына байланысты Тасқала ауылына көшіп келген. 1971 жылы Камен орта мектебін бітірген. Сол жылы Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, 1977 жылы экономист мамандығын алып шығады. 1977-1981 жылдары аудандық «Сельхозхимия» мекемесінде есепші болып жұмыс істеген. 1981-1984 жылдары аудандық қаржы бөлімінде, 1984-2012 жылдары Тасқала ауданының статистика басқармасында 30 жыл жетекші маман болып қызмет атқарған. Қазіргі таңда екі ұлдың бақытты анасы. – Қазақ қашаннан бауырмал халық қой. Біздің ортақ үйіміз бейбітшіліктің бесігін тербетіп, барды бағалай білуіміз қажет. Қазақ жерін қасиетті қара шаңыраққа балап, еліміздің барша ұлты  бейбіт өмір сүрейік. Ортақ Отанымыз – Қазақстан  жайнап, босағамыз берік, шаңырағымыз биік болсын. Мемлекет құру жолында теңдессіз, мол тәжірбие жинап, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Қазақ халқының осынша кеңпейіл, қонақжай екеніне көз жеткіздім. Алдымызда қандай қиындық кездессе де, оны еңсере алатынымызға сенімдімін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деп тілегін білдірді Маргарита Олеговна.

Кең-байтақ даламызды мекен еткен әр азамат пен әрбір отбасының ұлы мақсаты – бірлікті сақтап қалу. Қазақстан өркен жайып, мемлекетіміз молшылыққа, әрбір шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенелсін!

Гүлмира Мақанова, 

Тасқала ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале