6.04.2022, 15:15
Оқылды: 48

«Барлық көмек көрсетілетін болады»

Сәуірдің 2-сі күні ауа райының күрт жылынуына байланысты Жақсыбай ауылын су басып, ауыл тұрғындары М.Ықсанов атындағы мектепке көшірілді. Тұрғындарды эвакуациялауда ең алдымен Х.Халиуллин атындағы шекара бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы Аслан Отарбай мен шекара қызметкерлері қол ұшын берген. Яғни ауыл тұрғындарын түні бойы қауіпсіз жерге көшірген. 

IMG-20220405-WA0026

– Бұдан бұрын да Жақсыбай каналындағы судың 10-15 метрге дейін судың көтерілгенін көргенбіз. Әкімшілік, еріктілер, бөлімше қызметкерлері болып, су әрмен қарай көтеріліп кетпесін деп әрекет еттік. Күндіз екілер шамасында су азайғандай болды. Әдеттегідей, түскі ас ішуге бәрі тарап кетті. Шамамен екі сағаттан кейін судың деңгейі көтеріліп, арнасынан тасып жатыр. Ешкімнің оны тоқтатуға шамасы келмеді де, мүмкін болмады. Біздің бөлім төтенше жағдайлар кезіндегі нұсқаулықты пайдалана отырып, қолда бар техникалармен эвакуацияға көшті. Ең алдымен өзіміздің бөлімшені, содан кейін ауыл тұрғындарын эвакуацияладық. Шекара бөлімшесінен 21 қызметкер және Мереке Қалиахметов, Асланбек Биғалиев, Ернар Ерланов, Төрехан Хисметов, Батих Бисеков сынды еріктілер көмектесті. Таңғы жетіге дейін 305 адам қауіпсіз жерге көшірілді, – дейді Х.Халиуллин шекара бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы А.Отарбай.

IMG-20220405-WA0022

«Апат салдарынан жалпы 97 тұрғын үй зардап шеккен. Су басу отыз жеті үйге зиянын келтірген. 305 адамның он бесі әлі де мектеп ғимаратында, қалғандары үйлеріне оралды. Сонымен қатар табиғи апаттан 42 бас мүйізді ірі қара, 85 бас қой және бір жылқы қырылды. Апаттың салдарын жоюға Жәнібек ауданы әкімдігі, Жақсыбай ауылдық округі әкімі аппараты, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, Жәнібек ауданы бойынша шекара басқармасы, БҚО, Атырау қаласынан төтенше жағдайлар департаменті, Орал қаласы, Казталов, Бөкей ордасы аудандарының азаматтық қорғау мамандары, көршілес Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының төтенше жағдайлар департаментінің арнайы техникалары, ауыл тұрғындары көмек көрсетті. Күні бүгінге барлық су кірген тұрғын үйлердегі сулар сорылып, құрғатылды. Барлық әлеуметтік нысандар жұмыстарын бастады. Ауыл орталығындағы М.Ықсанов атындағы орта мектеп те жұмысын бастайтын болады. Апат салдары кейбір тұрғын үйлер, шекара бөлімшесінің құрылысына зиянын келтірді. Сондай-ақ аудандық маңыздағы автомобиль жолындағы бір көпірді және жол бойындағы бес су өткізу тұрбаларын су шайып кетіп, жол қозғалысына кедергісін келтірді», – деді аудан әкімі Азамат Сафималиев.

IMG-20220405-WA0019

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Абдолова зардап шеккен ауыл тұрғындарына барлық көмек көрсетілетінін айтады:

«Жәнібек ауданының мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, мешіт жамағаты, еріктілер, аудан тұрғындары бірігіп қаржылай, азық-түлікпен, гигиеналық құралдар, төсек-орын, төсемдер, қажетті тұрмыстық заттармен көмектесті. 4 сәуір күні "КаМАЗ" көлігіне тиеп, ауылға жеткіздік. Бүгінде су тартылды, жол бар. Ауылдың ахуалы біртіндеп қалыпқа келуде. Әкелінген заттар үйлестірілді. Нәтижесінде 136 отбасы азық-түлікпен, 29 отбасы киім-кешекпен, төсемдермен қамтамасыз етілді. Тағы бір азық-түлік тиелген көлік келе жатыр. Құлап, қираған жарық бағамдары жөнделуде. Қазіргі таңда аудан әкімі Азамат Сафималиев, ауданның басшы-қосшылары Жақсыбай ауылында халықпен кездесіп, мұң-мұқтаждарын тыңдауда. Аудан басшысы су кірген үйлерді аралап, тексеріп, жіті бақылауға алды».

Айта кету керек, Жақсыбай ауылындағы барлық дүкендерде азық-түлік қоры азайған. Өйткені бір айдың үстінде облыс, аудан орталығымен қатынас болмаған.

Ауданның бас имамы Есенболат қажы Абдуғалиев:

«Апат айтып келмейтіні рас. Жақсыбай ауылындағы табиғи апат, яғни ауылды су басуы сол жердегі ағайындарды қиындыққа душар етті. Осындай кезде ел болып көмек қолын созу − басты парызымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді қазағым. Алғашқылардың бірі боп аудандық мұсылмандар мешіті мен жамағаты азық-түлік және кілемдер әзірлеп беріп жібердік. Жақсыбай ауылы тұрғындарына амандық, сабырлық тілейміз».

Жақсыбай ауылының тұрғыны Меңзипа Сағитова Жақсыбай тұрғындарының атынан алғыс айтты.

-Алла тағалам біздің басымызға түскен күнді ешкімге бере көрмесін. Өте қорқынышты жәйт болды. Тек бір қуанарлығы адам шығыны жоқ. Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, саулық тілейміз. Көмектескен адамдарды сауапқа жазсын, – деді ол.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале