ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша бас имамы Мұратбек Қыстаубаев жұмыс сапарымен Ақжайық аудынына соғып, аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың қабылдауында болды.
Қалияр Шадиярұлы аудандағы діни ахуалмен таныстырып, жергілікті имам Ерлан Айтеновтың жұмысына ризашылығын білдірді. Әсіресе діни жамағат арасында спорттық ойындар ұйымдастырып, теріс ағым жетегінде жүрген жандарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында тың көзқарас танытып жүргендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар Алғабас ауылындағы мешіт күні бүгінге дейін маман тапшылығынан ауыл ақсақалдарының қолдауымен жұмыс атқарып келсе, жуық арада осы олқылықтың да орнын толтыру жоспарланып жатқаны туралы да осы басқосуда айтылды.
Өз кезегінде Мұратбек Мұхтарұлы ислами жоғары оқу орнына түсетін жастардың саны өсіп, діни идеология жүргізудегі жұмыстардың сапалық құрамы да артып жатқанын айтып өтті. Сондай-ақ болашақта басқа өңірлерден діни сауат алып келген жастарды тәжірибе алмасу мақсатында Ақжайық ауданына жолдау да жоспарларында бар екен.
Басқосудан кейін Мұратбек Мұхтарұлы жұма намазына қатысып, аудандық мешіт жамағатымен жүздесті. Дін жолындағы жұртшылықпен пікір алмасып, уағыз-насихат жүргізді.
Рауан Сатыбалдиев,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер