20.10.2023, 15:00
Оқылды: 53

Бас имам келді

Жәнібек ауданына Батыс Қазақстан облысының және Орал орталық мешітінің бас имамы Самат Әлібаев келді.

392876106_863638949099114_6452441510186180295_n

Келген бойда жағажай маңына тоқтаған ол игі істің куәгері болды. Нақтырақ айтсақ, республикалық акция аясында 100 түп қарағаш пен 100 түп терек егіп жатқан жәнібектіктердің ерекше бастамасына атсалысты. Самат Қанатқалиұлы да қолына күрек алып, ағаш отырғызуға кірісті. Енді Жәнібекте бас имам еккен тал-терек жайқалады. Қазақ «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» дейді.

393761925_863645655765110_4096253692773834841_n

Ауданға келген қонақтың құтты екенін осыдан аңғарамыз. Содан кейін аудан әкімі Тимур Шиниязов бас имамды қабылдап, рухани және ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі жоспарларын айтты.

Имам аудан басшысының алған бағытын қолдап, жұмысқа сәттілік тіледі. Жәнібектің ісі мен сөзі жарасым тапқан келбетін көрген бас имам Самат Қанатқалиұлы ардагерлер үйіне бас сұқты. Нәрлі сөзді құлағының құрышы қанып тындаған қариялар көкейіндегі сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Еңбек ардагері Қабаш Жүнісов салт-дәстүрді негізге алып, орамал бағытында сөз қозғады.

393771207_863642642432078_4675776899005038564_n

- Айналайын, елге қош келдің. Көптен ойымнан арылмай жүрген сауалдар көп. Оның бәрі ұлттық руханият пен болмысымызға қатысты дүниелер. Бір ғана орамал төңірегінде екіұдай пікір өріп жүр. Өткен күнге үңілсек, «елпең-елпең» жүрген немесе шашын жайған қай қызымыз бар еді біздің? Бала ер болып, қыз бойжеткеннен соң етек-жеңін қымтап, үлкен өмірге қарай бой түзеген. Ал бүгінгі таңда оның барлығын жоққа шығаратын тобыр пайда болды. Орамалды көрсе түрі бұзылып кететін аналар да бар,- дей бергені сол еді, бас имам бұл сұраққа баса назар аударып, жауап берді.

         -Айтуыңыз өте орынды. Қазір орамалды былай қойғанда, асыл дінімізді менсінбей қарайтын адамдар да бар ғой. Бірақ біз оларды да кінәлай алмаймыз. Неге десеңіз, олардың көзқарасын «қара жамылғандар» мен «мәдениетсіз дін ұстанушылар» құртты. Соларды көрген қазағым ұлттық құндылықтарға негізделген діннен де шоши бастады. Бұл жайт әр кезеңде болған және бола береді. Біз тек осы пікірді азайтуға, одан сайын өршеленіп кетпей тұрып, алдын алуға тырысып келеміз. Негізі ислам діні – кіршіксіз дін. Адамгершілікке баулып, үлкенді сыйлауға, ала жіпті аттамауға үйретеді,- деді .

         Самат Қанатқалиұлы әрқилы сұраққа жауап беріп, аудандық мешіттің бас имамы Есенболат қажы Әбдуғалиевке бұрылды. Оның дінді насихаттаудағы ойының ұшқырлығын, іскерлігін тілге тиек етті. Мешіт жамағатын жинап, апта сайын ұлттық ойындар өткізетінін зор қуанышпен жеткізді. Есенболат Қадырұлының еңбегін ауыл ақсақаладары да жарыса айтып, арқа-жарқа болды.

Кездесу соңында «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалының төрағасы Амангелді Уәлиев ардагерлер үйінің жұмысымен таныстырып, Жәнібек ауданына 100 жыл толуына орай жарық көрген «Ғасырға үлес қосқандар» кітабын сыйға берді.

Ақтілек Әлібекұлы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале