Жуырда Тасқала ауданына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жұмыс сапарымен келді. Бұған дейін қадасы қағылған жаңа мешіттің орнына ауыл ақсақалдары жиналып алыстан ат арытып келген бас мүфтиді қошеметпен қарсы алды. Келген қонақтарға аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы жаңа мешіттің құрылыс барысымен таныстыра кетті.
«Жақсы істің басына, жақсы келер қасына» демекші, сапарлап келген бас мүфти жаңа мешіттің құрылысының сәтті жүргізілуіне ниетін білдіріп, батасын берді.
– Орал қаласындағы Зашаған кентіндегі жаңа мешіттің құрылысының басталу рәсіміне қатысқан кезімде Тасқала ауданында да жаңа мешіт бой көтергелі жатыр дегенді естігенбіз. Таяқ тастам жердегі жақсылықты неге барып көрмеске деген ниетпен алдарыңызға келіп қалдық. Бәрі де сәтімен болғай. Бұйырса, ашылуына да келіп қалармыз. Тек жақсылық болсын. Сіздерге Алланың нұры жаусын, – деген тілегін жеткізді бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Өз тілшіміз