Қаратөбе ауданында халық композиторы, әнші-ақын, күйші, қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі Мұхит Мерәліұлының туғанына 185 жыл толуына арналған «Сары дала сағыншы – Сал Мұхит» республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтті. Республикалық өнер додасына Алматы және Астана қалаларынан, сондай-ақ Ақмола, Жетісу, Абай, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан келген 34 дәстүрлі әнші қатысып, ұлттық ән өнеріндегі орындаушылық шеберліктерін сынға салды.

Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен Казталов ауданының өнерпазы Мирлан Жамбулов Бас жүлдені жеңіп алып, аудан мерейін үстем етті. Жеңімпазға 1 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сертификат табысталды.
Сонымен қатар, ауданымыздың тағы бір талантты әншісі Айнара Мусина да жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлігімен ерекшеленіп, дипломант атанып, 100 мың теңгелік ақшалай сертификатқа ие болды.
Бұл жетістік Казталов өңірінде дәстүрлі ән өнерінің тамыры терең екенін, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген жас таланттардың шығармашылық әлеуеті жоғары екенін тағы бір мәрте айғақтады. Өнерпаздардың жеңісі ауданымыздың мәдениет саласындағы мерейін өсіріп, халқымыздың асыл мұрасын дәріптеуге қосылған сүбелі үлес.
Әдемі Оразғалиева,
Казталов ауданы