3.07.2025, 15:30
Оқылды: 820

Бас жүлде - Тасқала халықтық театрында

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның Халық жазушысы, ақын, Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына орай Сырым ауданының орталығы Жымпитыда халықтық театрлар арасындағы аймақтық фестиваль өтті.

бас жүлде 1

Оған Бөрлі, Теректі, Шыңғырлау, Тасқала, Жәнібек, Казталов, Сырым аудандарымен қатар көршілес Атырау облысының Индер және Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданынан барлығы он үш театр ұжымы қатысып, өнерлерін көрсетті. Қызыл кілемнің бойымен жүріп өткен әр театр ұжымын халық ыстық ықыластарымен қарсы алды. Фестиваль барысында біздің Тасқала аудандық халықтық театры «Жазмыш» қасірет аллегориясын сахналап, көрерменнің көңілінен шықты. Мұнда көптеген философиялық мәселелер мен афоризмдер айтылды. Түсінген адамға айтар ойы терең, салмақты қойлым болды. Оған, театр режиссері – Жалғасбек Мырзагереевтің тақырыпты дұрыс таңдауы да себеп болды. Қойылым «Кездерай» әнімен басталып, ол әр бөлім бойынша үш түрлі бағытта орындалды. Соңы «Өмірің өз қолыңда» әнімен аяқталды. Әртістердің қойылымға сай дайындалған гримі, маскасы мен киген костюмдері де көрерменге ерекше әсер сыйлады. Масканы шешіп, шығулары, қайтадан киюлері – әрбірінде философиялық ой жатыр. Сахнада ақын Бауыржан Ширмединұлының сөзі мен «Қадыр-қазына» жобасы аясындағы «Бұлбұл бағы» атты облыстық сазгерлер байқауының бас жүлдегері Ербол Ақбасовтың әніне жазылған «Қадырға арнау» әнінің тұсауын Армат Жұмагелдиев, Шынтас Мұстажапов, Нұрлыбек Байнияз кесті.

бас жүлде 2

Өнер бәйгесінде Тасқала аудандық халықтық театры бас жүлдені жеңіп алып, 400 мың  теңгенің сертификатына ие болды. Айта кетейік, тынымсыз еңбек пен жақсы дайындықтың арқасында кәсіби актерлерден кем түспеген жерлестеріміздің әлі де алар асулары алда деп есептейміз. Сондықтан, жұлдыздай жарқыраған жеңісті сәттеріңіз көп болып, Тасқаланың атын шығара беріңіздер дейміз.

Гүлмира Серікқалиқызы,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале