Сырым ауданына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқынынан зардап шеккен халықпен де кездесуге уақыт тапты.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Сырым ауданы бойынша суда қалған 264 үйдің 114-і тұруға жарамсыз деп танылып, иелеріне жаңа үй салынатын болды. Ал, бағалаушылар 150 үйге күрделі жөндеу лайық деп шешкен. Бірқатар тұрғындар осы қорытындыға келіспейді.
Бірі күрделі жөндеудің құны бағалау белгілеген шығыннан қымбат десе, бір топ үйлерінің апатты екенін айтып, жаңа баспана сұрайды.
Не басыбайлы баспанаға қолы жетпеген, не үйі тұруға жарамайтын халыққа бір ғана жол – бағалаушы компанияның шешіміне келіспей, сотқа жүгіну еді.
Бүгін әділет іздеген Жымпиты және Өлеңті ауылының тұрғындары вице-премьер Қанат Бозымбаевпен жолықты:
– Үйімді апатты деп танымады, күрделі жөндеуге аз қаражат берді деп әкімді кінәламаңыздар! Әкім құрылысшы не бағалаушы маман емес! Бағалаушының шешімімен келіспесеңіздер, әкімдік басқа тәуелсіз бағалаушыны шақырсын. Қазақстанның басқа өңірлерінде осындай тәжірибе бар.
Түсінемін, суда қалған үй сол күні болмағанмен, уақыт өте келе отыруы, бүлінуі ықтимал. Мамандар келіп зерттеп, қорытындысын айтсын. Соған сәйкес, үйі ресми түрде апатты деп танылған адамға жаңа үй салып не сатып алып береміз. Жөндеу қаражаты мардымсыз болса, оны көбейтейік. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әркімнің шығыны өтелуі тиіс!» деген тапсырмасы әр қала мен ауылда орындалуы керек.
Сырым ауданы әкімдігіне жаңа бағалаушыны шақыртып, қорытынды шығару үшін бір апта уақыт беремін, - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Айта кетейік, Сырым ауданы бойынша тасқыннан зиян шеккен үйлердің техникалық ахуалын бағалаған компанияның қорытындысына 16 тұрғын наразылық білдіріп отыр.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы