Бүгін Жәнібек ауданына облыстық құрылыс басқарма басшысы Әлібек Антазиев, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Меңеев, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Нұртазиев арнайы жұмыс сапарымен келді.
Олар ең әуелі аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің тапсырысымен басталған Еңбекші ауылындағы ауыз су құрылыс нысанына тоқтады.
Мердігер «Engineering and construction group» ЖШС жұмысымен танысып, нысандағы арнайы техникалардың жұмыс атқарып тұрғанына көз жеткізді.
Техникалық және авторлық қадағалау «УКС» ЖШС мен «Уралводпроект» ЖШС міндетінде.
Аталмыш құрылыстың құны - 166 228 020,9 теңгені құрап отыр.
Тартылатын ауыз су құбырының ұзындығы 5 шақырым 119 метрді құрайды. Құрылыстың жоспардағыдай сәтті аяқталуына бес ай уақыт беріліп, мердігер сәуір айының бірінен бастап іске кіріскен.
Басқарма басшылары жұмыстың қарқынды жүріп жатқанын көріп, оң бағасын берді. Мәселер туындаған жағдайда қол ұшын созуға дайын екендерін жеткізіп, аудан әкімдігінде өтетін жиынға ат басын бұрды.
Жиынға елдің атынан сөйлейтін парызды арқалаған депутаттар, бірқатар бөлім басшысы мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев қатысты.
Аудан әкімі Тимур Шиниязов жиынның мақсатын айшықтап, алғашқы сөзін ауданның дамуы үшін жасалатын істерге арнады. Содан соң орынбасары Жақсылық Абдолов аудан көлеміндегі күрделі жөндеуден өткен һәм өтетін медициналық пункттер, ауылдық округтерге апаратын жолдарға бірте-бірте жол жабыны төселіп жатқаны төңірегіндегі жұмыстарды тілге тиек етіп, «Ауыл – ел бесігі» жобасына тоқталды.
Қатысушылар кездесу соңында кері байланыс жасап, көкейдегі өзекті сұрақтарын ортаға салды. Басшылар шешілетіні және шешілмейтіні бар шаруалардың барлығын талдап, қолдан келетінін осы, қиындық тудыратынын алдымыздағы жылдың еншісіне тапсырды.
Қысқасы, жағдайды ашық баяндап, сауалдарға нақты жауап берді.
Әрмен қарай, жиында айтылған бастан-аяқ жөндеудегі фельдшерлік-акушерлік пунктін көрмекке бекініп, Тау ауылына аттанды.
Құрылыста жай демалып, тынығып яки бос жүрген жұмысшаларды көрмедік. Барлығы тұрғындардың су жаңа орталықта ем алуы үшін тырысып жүр. Тынымсыз еңбектің арқасында мердігер «Символ» ЖШС уақытынан бір ай бұрын сапалы түрде құрылысты аяқтап, тапсыруды көздеп отыр. Аталмыш нысан құрылысына 64 378 459,54 теңге қаражат бөлінген. Техникалық бақылаушы «Сәулет Құрылыс Бақылау» ЖШС жауапкершілікпен бел буған жұмысына тиянақты екені де айтылды.
Сонымен қатар Күйгенкөл ауылындағы күрделі жөндеуден өткен медициналық пунктті де ескеріп, сапасын тексерді. Сырты таңдай қақтырған пункттің төбесінен су тамшылағаны да байқалды. Түптеп келгенде, мердігер «АИАС строй Сервис» уақыты жетпей құрылысты аяқтаған. Аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Каримоллаұлы әлі бір айы бар мердігерді шақыртып, сәтсіз шыққан құрылыстың олқылықтарын түзейміз деген үміт берді.
Жәнібектегі құрылыстардың құр емес екеніне көз жеткізген басшылар Тау ауылының тұрғындарын қабылдады. Ауылдағы таңды таңға жалғап айтатын мәселелердің біраз бөлігі – жол мен ауыз су. Ауылға кіретін жолдың жоспарға алдағы уақытта енетінін түсіндіріп, ескірген су құбырларына аялдады. Ащы судың кейде шайға жарамайтынын, фильтрдің үнемі күтіммен тұрғанын ауыл депутаты Тілекбек Мұханбетжанов нақты баяндап берді.
Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz