23.07.2019, 12:43
Оқылды: 67

Бассейн мен сумен сауықтыру кешені салынады

"Ақжайық" шипажайында салынады деп жоспарланған бассейн және сумен сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Болашақ нысанның орнына капсула салу құрметі Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының БҚО аумақтық бірлестігінің төрағасы Амангелді Таспихов, "Ақжайық" шипажайын ашылған сәтінен бастап 33 жыл бойы басқарған алғашқы директор, денсаулық сақтау саласының ардагері Марат Ақашаев және сауықтыру орнының қазіргі басшысы Альберт Сафуллиндерге берілді.

Akzhaik sanatory kapsula

Бой көтеретін жаңа нысанның демалушылар көңілінен шығары анық. Өйткені шипажай аумағындағы тынығушылардың орналасып, алаңсыз тұруына арналған бес қабатты зәулім ғимарат пен емдік процедураларды қабылдайтын үш қабатты ғимараттың арасына ашық аспан астымен қатынау демалушылар үшін қолайсыздық туғызып жүрген болатын. Алған емінің шипалы болуына да өзіндік кері әсерін тигізіп жүргені жасырын емес-ті. Қыстың суығында, күзгі-көктемгі лайсаңда, жаздың жаңбырлы күндерінде ыстық бумен (сумен) немесе қыздырылған балшықпен емделіп шыққан жан суықтап қалудан қорғалап, сол жерде ұзақ уақыт күтіп отыруына тура келетін. Міне, осы олқылықтың орны толып, демалушылар енді қос корпустың арасына жабық өткел арқылы қатынасатын болады.

Бұл жерде мұндай тиімді жобаны шипажай басшылығына былтыр ғана келген жігерлі де жаңашыл директор Сафуллин  Альберт Төлегенұлының ұсынғандығын атап өткен абзал. Жоба құны - 354 млн. тенге. Оны қаржыландыру Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы есебінен жүзеге асырылмақ.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысының орталығы - Орал қаласынан 45 шақырым қашықтықта, тамылжыған табиғат аясында орналасқан "Ақжайық" шипажайына келуге ниет білдірушілер легі еш толастаған емес. 180 орынға есептелген сауықтыру орнында қара күзге дейін бос орын жоқ. Қазақстанның батысындағы төрт облыстың және көршілес Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарының тұрғындары мұнда жиі келіп, тынығып, денсаулықтарын түзеп қайтады.

Келушілерді бойындағы сырқатынан сауықтыру жолында минералды сумен, қыздырылған балшықпен, парафинмен емдеу әдістері кеңінен қолданылып келеді.

Сонымен қатар мұнда демалушылардың жан-жақты тынығуы үшін барлық жағдай жасалған. Заман талабына сай жаңа құрылғылармен жабдықталған клуб, кітапхана, бильярд, спорттық кешен, волейбол, баскетбол алаңдары демалушылардың бос уақытын тиімді өткізуіне қызмет етіп келеді. Төңірегінде көкке бойлаған қарағайлары жарыса өскен, түрлі жеміс ағаштары жайқала өскен орманы бар шипажайдың жанынан сылдырап ағып жатқан Жайық өзені маңындағы арнайы жабдықталған жағажайда демалушылар суға шомылып, күнге қыздырынып жаз мезгілінің қызығына батады.

Айгүл Ахметова

Суреттерді түсірген

Динара Кендірбаева

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале