Сиыр жылының саяси додамен басталғаны белгілі. ҚР Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайладық. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, сайлауға түскен партиялар үгіт-насихат кезеңінде қызу дайындықты бастан өткерді. Қарапайым халықпен түрлі кездесулер ұйымдастырып, жағдайларына қанықты. Сөздің қысқасы, сайлаудан үлкен үміт күткендер де, қолын бір сілтеп, «баяғы жартас – сол жартас» дегендер болды. Сайлау аяқталып, нәтиже шыққан кезде, «Мен айттым ғой. Бұл – спектакль» деп атойлағандардың саны артпаса, кеміген емес. Яғни, Мемлекет басшысының саясатына наразы топтар көбейді.
Адам баласы үшін Отанынан артық, мемлекетінен қымбат ештеңе жоқ. Сол себепті әрбір тұрғын туған жерін, елін қастерлеуі тиіс. Әр мемлекеттің басшысы болатыны белгілі. Кезінде халиф болған сахаба Әли ибн Әбу Талиб: «Міндетті түрде адамдардың басшысы болу керек – ізгі болсын, болмасын», - деп айтып кеткен.
Теректі ауданындағы теолог маманы Бағдат Адайханнан басшыға бағыну туралы ойын сұраған едік.
- Алла Тағала басшыға бағынуды бұйырған. Яғни, басшыға бағынып, белгіленген тәртіп бойынша өмір сүру тұтас қоғам ретінде өркендеп, бейбіт өмір сүруге мүмкіндік береді. Бұл жүйе белгіленбесе, қоғамда бейберекетсіздіктер орын алар еді. Соның салдарынан елдің жарқын болашағына балта шабылады. Сөзім дәлелді болу үшін қасиетті Құран Кәрімнен үзінді келтіріп өтейін. «Ниса» сүресінің 59-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға қалтқысыз бағыныңдар, Елшіге бағыныңдар, сондай-ақ өз араларыңнан болған басшыларыңа бағыныңдар. Егер сендер Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болсаңдар, қандай да бір мәселе төңірегінде өзара келісе алмай, таласып қалғандарыңда, Аллаға және Алла елшісіне жүгініңдер. Солай істегендерің әлдеқайда қайырлы һәм ақыры да анағұрлым жақсы болады», - деп баяндаған.
Жалпы, Ислам дінінің әр қағидаты бірлік пен тәртіпке негізделген. Мұсылмандардың айт және жұма намаздарын бір уақытта бір адамның артына ұйып оқуы, ораза күндері бір уақытта ауыз бекітіп, бір уақытта ауыз ашуы, сонымен қатар миллиондаған мұсылманның бірдей тәртіппен және біркелкі киіммен қажылық жасауын мысалға келтірсек жетіп жатыр. Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз: «Сендерге басшы болып, басы мейіз секілді эфиопиалық құл тағайындалса да, дегеніне құлақ асып, толық бой ұсынындар», - деп бірлік пен тәртіптің маңыздылығын жан-жақты түсіндіріп кеткен. Көріп тұрғаныңыздай, Жаратушы Раббымыз үшін бағынудан үлкен ұғым жоқ, - деген жауап алдық.
Теолог маманның пікірінше, тәртіпке бағынудың маңыздылығы зор.
Ақжайық жалпы орта білім беретін мектебінің психологі Бақытханым Қуанаева: «Кез келген жұмыстың сапалы болуы басшының басқару қабілеті мен тәжірибесіне байланысты. Ал қызметкер өзіне тапсырылған міндетті толық орындауы тиіс. Шетелдердегі психологиялық және әлеуметтік зерттеу нәтижелері еңбек ұжымындағы қызметкерлердің тіршілігі, ең алдымен, басқарушының жұмыс тәсілі мен іс-тәжірибесіне тәуелді екенін айқындап берген. Басшының көңіл-күйі бағынушыға тікелей әсер ететінін де зерттеулер дәлелдеп отыр. Менің ойымша, басшы мен бағынушы қарым-қатынасы бірін-бірі толық қабылдағанда кемелдене түседі. Екі тарап «Менің қызметкерлерім әлсіз. Жұмысты дер кезінде орындай алмайды» немесе «Біздің бастықтың көңілі ешқашан толмайды» деп ойлайтын болса, жұмыстың ешқашан алға баспасы анық. Басшы да, жұмысшы да бір-бірінің қабілетін, мінезін қабылдауы керек. «Иә, ол сондай адам. Оның Құдай жаратқан бар болмысы сол. Мен осыны мойындауым керек. Ол қолынан келгенше жұмыстанып отыр» деп дауыстап айтып көрсеңіз, жеңілдеп қаласыз. Түпсанаңыздың басшы немесе қызметкерге «көзқарасы» өзгере бастайды. Осылайша, адамдар бірін-бірі түсінеді. Адамды «сол күйінде қабылдау» тәсілі кез келген жағдайда көмегін тигізеді, - деп кеңес береді.
Шаған ауылдық округінің аналар кеңесінің төрайымы Жанар Тоқтарова: «Халқымызда «Сыйласаң, сыйлы боларсың» деген керемет сөз бар. «Адам – сыйлағанның құлы» деп те жатамыз. Мұның бәрі жай ғана айтыла салмаған. Әр ата-ана баласын ортаға сіңісуге, басшысын, әріптестерін, достарын сыйлауға, олардың ойымен санасуға үйретуі тиіс. Айналасындағы жандармен тез тіл табысып, өз орнын білген адамды кім жақсы көрмейді? Қасыңдағы адамдарды қадірлей білсең ғана жолың болады. Менің ойымша, сыйластық тәрбиемен тығыз байланысты. Отбасы мүшелерінің бір-біріне деген ілтипатын көріп өскен бала соны қайталайды. Кез келген ортада адамның өзін ұстауы, жүріс-тұрысы арқылы алған тәрбиесін пайымдауға болады. Басшы болу да, бағыну да жанұядағы тәрбиеден бастау алады, - деп «басшыға бағыну үшін әр адам өзін де, өзгелерді де құрметтеу қажет», - деген пікірді ұстанатындығын жеткізді.
Бұл өмірдегі ең құнды нығмет – бірлік пен тыныштықтың болуы. Ең жаманы –бейберекетсіздік пен жүйесіздік. Тарихтан ата-бабаларымыздың береке-бірлікті сақтай отырып, сыйластық тәртібімен өмір сүру үлгісін қалыптастырғаны белгілі. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет, әйел адамның ер адамның алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып, кіші сөйлемеуі, ешкімнің ала жібін аттамау сияқты үрдістер әрдайым санамызда тұрса, қоғамның азбасы анық. Бауыржан Момышұлы атамыз да: «Тәртіпке бағынған құл болмас, тәртіпсіз ел болмас», - деп осынау ақиқатты бір ауыз сөзге сыйғызған. Бірлік пен тәртіп турасында бабаларымыздың өсиеттері өте көп. Ал басшыға бағыну жайында Пайғамбарымыз: «Кім маған бойұсынса, ол Аллаға бойұсынғаны. Кім маған бойұсынбаса, ол Аллаға бойұсынбағаны. Кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны. Кім басшыға бағынбаса, ол маған бағынбағаны», - деген.
Басшының сізге ұнауы, әрдайым көңіліңізден шығуы немесе өмірге деген көзқарасы сіздің көзқарасыңызбен сай келуі міндетті емес. Басшымен қарым-қатынаста өте қырағы болған жөн. Сондай-ақ, Алла елшісінің Ибн Аббастан жеткен мына хадисін естен шығармаған дұрыс. «Кім өзінің басшысынан өзіне ұнамсыз бір нәрсе көрсе, оған сабырлықпен қарасын. Өйткені, көпшіліктен бір елге болса да бөлініп өлген адам, өлімді надандықпен тапқан болады». Қандай қатаң ескерту?
Соңғы кездері арандатушылардың қармағына түсіп, мәселенің байыбына бармай, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына, билікке қарсы шығып жүргендер бар. Әрине, әр адамның өз пікірі, ойы болуы тиіс. Бірақ бір нәрсені санамыздан шығармағанымыз дұрыс. Құдай адамдардың пейіліне қарап, басшы жібереді. Яғни, Мемлекет басшысы – Алланың таңдауы.
«Биліктегілер шетінен жемқор» дегенді көп естиміз. Ал сіз ше? Сіз ешкімге пара бермедіңіз бе? Барлық адам өз күнәсін өзі арқалайды. Бастысы, сіз тура жолда болыңыз. Тыныштық пен тұрақтылықтың сақталуына үлес қосыңыз.
Түйін: Басшың түзелсін десеңіз, ниетіңізді түзеңіз. Өзіңізді дамытуды, өзгертуді қолға алыңыз. Ұрпағыңыздың озық ойлы, тәрбиелі болуына жұмыстаныңыз. Еліміздің тыныштығы, халықтың амандығы маңызды. Бұл құндылықтың жауапкершілігін әр қазақстандық азамат сезінуі тиіс.
Аягөз Айтқалиева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz