«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының бастамасымен қолға алынған «Ақ халатты абзал жандар ауырмасын» акциясы бөкейлік партияластар тарапынан кеңінен қолдау табуда.
Бөкейлік "жасотандықтар" көрінбейтін жаумен күнбе-күн бетпе-бет жұмыс жасап жатқан дәрігерлерді және індетке шалдыққан жерлестерді қолдау мақсатында ауруханаға қымыз бен дәруменге бай жеміс-жидектер әкеп берді. Бұл игі іс бір реттік емес. Араға күн салып, қайта жалғасын тапты.
Аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамбек Аққалиев:
– "Жасотандықтар" мен партия мүшелерінің демеушілігімен жүзеге асып жатқан қайырымдылық шара алдағы күндерде жалғасады. Індеттің қарқыны қатты. Ауруға шалдыққан жерлестер саны да артып отыр. Сондықтан мұндай қолдау алдағы уақытта да көрсетілетін болады,- дейді.
«Орда» бастауыш партия ұйымының төрағасы Медет Сисеновтың ұйымдастыруымен Хан ордасы жігіттерінің қолдауымен аудандық аурухана провизорлық орталық науқастарына және медицина қызметкерлеріне бір қашардың етіне қоса жиырма персондық ыдыс-аяқ табыс етті.
Ұлпан Жакина,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz