7.12.2022, 17:00
Оқылды: 48

Басты байлығымыздың қадірін білейік!

«Ең бірінші байлық – денсаулық» дейді дана халқымыз. Пәндәуи дүниеде пендешілікке салынып, өзімізге аманат болған денсаулығымыздың қадірін ұғынбай жататынымыз жасырын емес. Ал «Биліктің қайнар көзі – халық» деген конституциялық қағиданы ұстанған мемлекет өз тарапынан халық денсаулығын жақсарту, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатымен кешенді іс-шаралар жоспарын қабылдады. Оның ішінде скринингті ерекше атап өтуге болады.

4

Скрининг – «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген» жан үшін таптырмас мүмкіндік. Өйткені жыл сайын бойыңыздағы дертті ерте анықтап, медициналық кеңес алып, ем-дом шараларын қабылдау денсаулығыңыз үшін маңызды. Осы уақытқа дейін скринингтен өту белгілі бір жас аралығындағы азаматтарға міндеттелсе, биылдан бастап кәмелет жасына толғандар мен еңкейген кәріге дейін алдын ала тексеруден өту мүмкіндігі қарастырылып отыр. Мұны реттейтін құжат мынадай: «Скринингтік зерттеулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондайақ осы қарап-тексерулерді өткізудің қағидаларын, көлемі мен кезеңділігін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы №ҚР ДСМ-174/2020 және «Мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балаларды, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының оқушыларын қоса алғанда, халықтың нысаналы топтарына профилактикалық медициналық қараптексерулер жүргізу қағидаларын, көлемі мен кезеңділігін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-264/2020 бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 5 шiлдедегi №65 бұйрығы.

Бұйрыққа сәйкес өзгеріспен танысу үшін №2 Казталов аудандық ауруханасы директорының міндетін атқарушы Жұмажан Алданышпен тілдестік. Ол өз сөзінде ауыл халқының алдын ала профилактикалық тексеруден өтетін нысаналы топтары мен скрининг түріне тоқталды.

– Осы жылдың 5 шілдесінде қабылданған ҚР ДСМ №65 бұйрығына сәйкес «Скринингтік зерттеулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ осы қарап-тексерулерді өткізудің қағидаларын, көлемі мен кезеңділігін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы №174 бұйрығына өзгеріс енгізілді. Соған байланысты скринингтік зерттеуге жататын ауыл халқының қосымша нысаналы топтары бекітілді. Атап айтар болсақ, скринингтік зерттеулерден өтетін 18 жастан 29 жасқа аралығындағы ерлер мен әйелдер – мінез-құлықтық қауіп факторларын; артериялық гипертониямен, жүректің ишемиялық ауруымен және қант диабетімен, глаукомамен динамикалық бақылауда тұрмайтын скринингтік зерттеулерден өтетін 18 жастан 29 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер – артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы; асқазан-ішек жолы және созылмалы бүйрек ауруларымен динамикалық бақылауда тұрмайтын скринингтік зерттеулерден өтетін 18-ден 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер – асқазан-ішек жолдарының және созылмалы бүйрек ауруларын; тыныс алу мүшелерінің туберкулезімен динамикалық бақылауда тұрмайтын скринингтік зерттеулерден өтетін 50-ден 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер – тыныс алу ағзаларының туберкулезін; скринингтік зерттеулерден өтетін, қуық асты безі обырымен динамикалық бақылауда тұрмайтын 55-тен 70 жасқа дейін және одан да үлкен ерлер – қуық асты безі обырын ерте анықтауға профилактикалық тексерістен өте алады. Ауыл халқының қуық асты безі обырын анықтауға екі жылда бір рет, ал қалған скрининг түрлерінен жылға бір рет өту мүмкіндігі бар. Тұрғындар жергілікті ауруханадағы, дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-амбулаториялық пункт, медициналық пункттердегі учаскелік дәрігерлер мен медбикелерге немесе ауруханалардың жедел желілеріне қоңырау шалып, алдын ала ақпарат алуына болады, – деді ол.

5

Казталов аудандық ауруханасының «Отбасы денсаулығы орталығы» меңгерушісі Жанар Абдрахманова халықтың нысаналы топтарына скринингтік зерттеудің көлемі жөнінде атап өтті.

– Бұйрыққа сәйкес мінез-құлық қауіп факторларын ерте анықтауға скринингтік зерттеулерге жататын 18-ден 29 жасқа дейінгі, 30-дан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер, сонымен қатар барлық халықтың нысаналы топтары ТМКК есебінен мейіргер немесе фельдшер, отбасылық дәрігер, жалпы тәжірибелі дәрігер немесе терапевт қабылдауында болады. Ал артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы ерте анықтауға скринингтік зерттеулерге жататын 40- тан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер ТМККК есебінен Маклаков бойынша көзішілік қысымды өлшеу немесе жанаспайтын пневмотонометрия, жедел әдіспен қан сарысуындағы жалпы холестеринді, глюкозаны анықтап және электрокардиографиялық зерттеуден (12 бөлікте) өте алады. МӘМС есебінен кардиолог, эндокринолог, офтальмолог мамандардың кеңесін алу мүмкіндігі қарастырылған. Жылына бір рет артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын ерте анықтауға скринингтік зерттеулерге жататын 18- 39 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер ТМКК есебінен жедел әдіспен қан сарысуындағы жалпы холестеринді, тығыздығы жоғары липопротеидтерді талдағышта анықтап, электрокардиографиялық зерттеуден (12 бөлікте) өтсе, МӘМС есебінен кардиолог кеңесін тегін ала алады. Жылына бір рет қант диабетін ерте анықтауға скринингтік зерттеулерге жататын 18-ден 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер үшін ТМККК есебінен жедел әдіспен қан сарысуындағы глюкозаны, қандағы гликозилденген гемоглобинді талдағышта анықтау мүмкіндігі, МӘМС есебінен қалқанша безінің УДЗ және эндокринологтың тегін кеңесі қарастырылған. Глаукоманы ерте анықтауға жылына бір рет скринингтік зерттеуге жататын 18 жастан бастап 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер ТМККК есебінен Маклаков бойынша көзішілік қысымды өлшеу (бір көз), ал МӘМС арқылы офтальмолог кеңесіне жүгіне алады. Келесі жылына бір рет тыныс алу ағзаларының туберкулезін ерте анықтауға скринингтік зерттеулерге жататын 50-ден 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдердің ТМККК шеңберінде диагностикалық флюорографиядан (бір проекция) өтіп, МӘМС арқылы кеуде қуысының шолу органдарының рентгенографиясы (бір проекция), кеуде қуысы мен көкірек қуысы ағзаларының компьютерлік томографиясынан өтіп, фтизиатрдың кеңесін алу мүмкіндігі бар. Жылына бір рет асқазан-ішек жолы ауруларын ерте анықтауға скринингтік зерттеулерге жататын 18-ден 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер МӘМС есебінен қан сарысуындағы жалпы билирубинді, аланинаминотрансферазаны (АЛаТ), аспартатаминотрансферазаны (АСаТ) талдағышта анықтау, фиброэзофагогастродуоденоскопия, гепатобилиопанкреатиялық аймақтың УДЗ (бауыр, өт қабы, ұйқы безі, көкбауыр), жедел әдіспен нәжістегі жасырын қанды анықтау (гемокульт-тест), кринингтік жаппай бейнеколоноскопия және гастроэнтеролог кеңесін алу мүмкіндігіне ие. Созылмалы бүйрек ауруларын ерте анықтауға скринингтік зерттеулерге жататын 18 жастан бастап 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер жылына бір рет ТМККК арқылы талдағышта несептің жалпы талдауын зерттесе (несеп тұнбасының жасушалық элементтері санын есептей отырып, физикалық-химиялық қасиеттері), МӘМС есебінен қан сарысуындағы креатининді талдағышта анықтап, бүйректі, қуықты қалдық несепті анықтаумен УДЗ жүргізіп, уролог және нефролог мамандардың кеңесін алады. Соңғы нысаналы топ екі жылда бір рет қуық асты безі обырын ерте анықтауға скринингтік зерттеуге жататын 55- тен 70 жасқа дейн және одан да үлкен ерлер МӘМС есебінен қан сарысуындағы жалпы простатқа тән антигенді (ПСА) ИФТәдісімен анықтап, қуық асты безі мен қуықтың қалдық несепті анықтау мен трансабдоминальды УДЗ, эндоскопиялық шымшу биопсиясын қабылдап, уролог кеңесіне жүгінеді. Осы орайда тағы да қайталап айтқым келетіні, барлық нысаналы топ ТМККК есебінен мейіргер, фельдшер, отбасылық дәрігер, жалпы тәжірибелі дәрігер, терапевт мамандардың қабылдауында бола алады, – деді дәрігер.

Халыққа түсінікті болуы үшін мамандардың пікірін толық беріп, ерекшеледік. Бұл сіз бен біз үшін, денсаулығымыз бен болашағымыз үшін өте маңызды. Жуырда ауданымыздағы қос аурухана мамандарының тұрғындарды скринингтен өткізіп жатқанын әлеуметтік желі арқылы көзіміз шалды. Аудан тұрғындарының пікірін білмек үшін скринингтен өткен жандармен тілдестік. Аудандық мәслихат депутаты, ұлағатты ұстаз Гүлбарам Елтайқызы медицина саласындағы бұл оң өзгерісті қолдайтынын жеткізді.

– Елімізде медицина саласы қарыштап дамып келеді. Халыққа тегін медициналық қызмет көрсету сапасы да артты десек, артық айтқандық емес. Бұл сөзімізге скринингтің ТМККК және МӘМС есебінен жүргізілетіні дәлел. Тек өзінің, отбасының, ауылдасының денсаулығын ойлаған азамат алдын ала тексерістен өтіп, оны насихаттауы керек. Өйткені скрининг есеп үшін емес, жанымыз бен тәніміздің саулығы үшін керек. «Біріңді қазақ бірің дос, Көрмесең істің бәрі босын» ескеріп, скринингтің маңызын ортамызға насихаттаған жөн. Скрининг – халық денсаулығын жақсартудағы маңызды қадам, – деді халық қалаулысы.

Казталов аудандық ауруханасының емделушісі, Қоныс ауылының тұрғыны Азамат Ө. (пікір берушінің өз қалауымен есімі өзгертілді) есімді азамат халықты алдын ала медициналық тексеруден өтуге шақырып, ақ желеңділерге ризашылығын білдірді.

– Өзіме учаскелік дәрігерім мен медбике хабарласып, хәлімді біліп, медициналық тексеру жайлы есіме салып қояды. Жасымыз 60-қа таяған шақта есіміз кіресілі-шығасылы болады емес пе?! Хабарлаған уақытта ауруханаға барып, тиісті қан талдауын тапсырып, тексеруден өтемін. Әлдебір дерт байқалса, дәрігеріміз ем-домын тағайындап, аурудың асқынуының алдын алады. Шын мәнінде, дәрігердің кеңесін құп көріп, емді уақтылы қабылдап отырсақ, ауру дендемейді. Сондықтан барша аудан халқын скринингтен өтіп, аурудың алдын алуға дағдылануға шақырамын. Ал медицина саласы мамандарына халықтың қамын ойлап, денінің саулығына алаңдаушылық білдіргені үшін алғысым шексіз, – деді атамыз.

Аудан тұрғындары скрининг турасында оң пікір танытуда. Алайда скринингтен өтуге жұмысымыз, жеке шаруамыз қолбайлау болып отыр дегенді алға тартады. Заңға сәйкес жұмыс беруші қол астындағы қызметкерді медициналық тексеруден өтуі үшін жұмысынан босатуға міндетті. Ал жеке шаруаны басты байлығынан жоғары қою жай сылтау болса керек-ті. Мәселе – бізден, ой талқысына салып, қорытып, шешім қабылдау – сізден, оқырман!

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале